Тері илеу өнері
Қазақстанның көрнекті тарихшы ғалымдары: К.А.Ақышев, К.М.Байпақов, М.Қ.Қадырбаев, Б.Е.Көмековтің редколлегиясымен 1980 жылы Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасынан жарық көрген Қазақ ССР тарихи (көне заманнан бүгінге дейін) деп аталатын бес томдық ғылыми әдебиеттің 1-ші томы, екінші тарауының мазмұнында Қола дәуіріндегі Қазақстан тайпалары деген тармақта сол тарихи дәуірде өмір сүрген тайпалардың шаруашылық мәдениетінде үй кәсібінде теріден бұйым жасау, материалдық игіліктер өндіргені туралы жазылған.
Тарихшы ғалым Халел Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері: ғылыми-зерттеу еңбегінде» қазақ халқының дәстүрлі қолөнер мәдениеті этнографиялық тұрғыдан жан-жақты сипатталады. Үй жануарлары мен әр түрлі аң терілерін өңдеу қазақ өмірінде ежелден-ақ үлкен орын алды. Қазақ шеберлері тері илеуді кәсіп еткен. Біздің тәжірибеде қазақ халқының дәстүрлі қолөнеріндегі «Тері ұқсату мен теріден дәстүрлі тұрмыстық заттарды жасау кәсібі» сипатталады. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жылдары 1993 жылы «Халық қолөнері - асыл қазына» деп аталатын ғылыми-шығармашылық еңбек бастау алды. Ұзақ мерзімді шығармашылық еңбектің бес кезеңдік даму үдерісінде қазақ халқының қолөнеріндегі дәстүрлі тері ұқсату кәсібі ғылыми- зерттеліп өндірістік практикаға, қолөнершілік кәсіп көзіне айналды. Заңды тұлғаның кәсіп көзі - қазақ халқының дәстүрлі тері өңдеу мен теріден дәстүрлі бұйымдар жасау. Өндірістік технология жергілікті өлкенің табиғи ресурстарын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Барлық өндірістік технология тарихи тәжірибеге, дәстүрлік дүниетанымға, ұлттық философияға негізделеді.