Музей тарихы

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі - Орталық Азиядағы ең жас әрі ең ірі музей. Музей «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдеде «Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік мекемесін құру туралы» № 675 Қаулысы шықты.

Музей еліміздің бас алаңы – Тәуелсіздік алаңында орналасқан. Оның асқақ, бірегей ғимараты осы маңдағы «Қазақ елі» монументімен, Тәуелсіздік сарайымен, Бейбітшілік және Келісім сарайымен, «Хазірет Сұлтан» мешітімен және Ұлттық өнер университетімен үйлесім тапқан.

history-mus-1 history-mus-1 history-mus-3

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде табылған көптеген құнды дүниелер Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің баға жетпес қорын құрайды. Музей ғимараты ерекше пішінімен алыстан көз тартады. Аса ірі бірегей музей кешені 74 000 шаршы метр жерді алып жатыр және тоғызыншы қабатқа дейін ауыспалы қабатты болып келетін жеті блоктан тұрады. Жалпы көлемі 14 000 шаршы метрден асатын экспозициялық алаң 18 залды алып жатыр. Олар: Нұр-Сұлтан залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Алтын залы, Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, Тарих залы, Этнография залы, Қазіргі заманғы өнер залы. Ұлттық қазынаны зерделеу жөніндегі музей құрылымы ғылыми-зерттеу институтынан тұрады. Сондай-ақ балалар музейіне, балалар шығармашылығы орталығына, екі көрме залына, қалпына келтіру шеберханасына, зертханаларға, кәсіби қор сақтауға, оқу залы бар ғылыми кітапханаға, мәжіліс залы мен кәдесый дүңгіршектеріне арналған бөлмелер көзделген.

Area
Шаршы

74 000 ш.м

Area
18 зал

14 000 ш.м

History-main

Музей дүниежүзілік стандарттарға сәйкес жабдықтармен жарақтандырылған, экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: екі залға жұмыс істейтін арнайы контенті бар бірегей иілген экран, медиа еден, қазіргі Елорданың орталық бөлігінің серпінді макеті, толып жатқан медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарық LED-техника, сенсорлық дүңгіршектер, үш тілде ақпарат беретін мультимедиялық жолсерік пайдаланылады. Музейде экскурсиялардың алуан түрлері – шолу және тақырыптық, философиялық экскурсиялар, интерактивті сабақтар мен ойын экскурсиялары түрінде арнайы бағдарламалар әзірленуде. Ұлттық музей заманауи санаткерлік мәдениет мекемесі болуға, Республиканың тарихи және мәдени мұрасын талдау, салыстыру, пайымдау, талқылау, ой-пікір айту және бағалау орнына айналуға тиіс. Осы заманғы музей – бұл келушілермен әрқашан да ашық бүкпесіз сұхбаттасу. Бұл музейде оның меймандарын тарихпен тілдесудің белсенді қатысушыларына айналдыру үшін барынша мол мүмкіндіктер жасалған.

Еліміздегі музейлер ішінде жетекші рөл атқаратын Ұлттық музейде білікті, кәсіби мамандар қызмет атқарады. Олардың ішінде танымал тарихшылар мен археологтар, зерттеушілер, этнографтар, қор сақтау, ғылыми саланы дамыту сияқты музей саласының түрлі сала қызметкерлері бар.

Ұлттық музейдің жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Qazaqstan project management awards – 2021» номинациясы бойынша Жылдың ең үздік жобасын жеңіп алып, алтын статуетканы иеленді.