Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 2022 жылдан бері «Қолжетімді музей: баршаға арналған мәдени мұра» атты жоба жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – көру, есту, тірек-қимыл аппараты бұзылған және арбада қозғалатын, сондай-ақ интеллектуалды мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға қолайлы музейлік орта қалыптастыру. Жоба аясында Музей ғимаратының экстерьері мен интерьері, көрме залдары және экспонаттар бойынша аудиодескрипциялар дайындалды.
Аудиодескрипция мәтіндері кәсіби түрде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылып, дыбысталып, аудиогидтерге енгізілді. Сонымен қатар, музейдің шебер-реставраторлары экспонаттардың тактильді үлгілерін жасап шықты. Бұл үлгілер көру қабілеті шектеулі келушілерге экспонаттармен қол арқылы танысуға мүмкіндік береді. Тактильді үлгілердің жанында Брайль шрифтімен жазылған үш тілдегі ақпараттық тақтайшалар орнатылған. Келушілер экскурсия басында құлаққап пен дыбыстық плеер алып, Музей қорының құндылықтары туралы толық ақпаратты естіп біле алады. «Ежелгі және ортағасырлық тарих залы», «Ежелгі түркі өркениеті залы», «Ұлы Даладағы ежелгі өнер мен технологиялар залы №1, №2», «Дәстүрлі қазақ мәдениеті залы №1, №2», «XIII-XX ғасырлардағы Қазақстан тарихы залы», «Бейнелеу өнері залы №1» залдары «Тобыл ойшылы» атты тас мүсін, «Тақсай ханшайымы», «Алтын адам», «Апа» мүсіні, «Өңіржиек» және т.б. экспонаттардың тактильді көшірмелерімен қамтылған. Есту қабілеті бұзылған келушілер үшін қазақ және орыс тілдеріндегі сурдоаудармамен бейнероликтер дайындалып, ақпараттық киосктерге орналастырылды. Сондай-ақ, бұл материалдарды экскурсия барысында ұсынылатын планшеттерден көруге болады. Аталған бейнелер Ұлттық музейдің YouTube-арнасына да жүктелген. Бейнематериалдар сурдоаудармашы Хасан Исраиловтың қатысуымен түсірілді.
2024 жылы Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай №1 Бейнелеу өнері залындағы 19 картинаның аудиодескрипциясы дайындалды. Жұмыс М. Нәрікбаев атындағы университеттің аға оқытушысы А. Лоенконың жетекшілігімен «Қолданбалы лингвистика» және «Аударма ісі» мамандықтарының магистранттары тарапынан жүзеге асырылды. Жыл соңында өткен «Картиналар үні» атты тұсаукесерде депутаттар, зағип кеңесшілер және аудиовизуалды аударма саласының мамандары қатысып, Музейге қазақ және орыс тілдеріндегі 19 аудиодескрипция сыйға тартылды. Сондай-ақ, Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі мамандары 36 академиялық сағат көлеміндегі «Музейлік аудиодескрипция» курсын тәмамдады.
2026 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша Музей қорында 30 тактильді экспонат көшірмесі мен 51 аудиодескрипция бар. Сонымен қатар, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аудиодескрипциялары бар 17 аудиогид, қазақ және орыс тілдеріндегі сурдоаудармасы бар бейнероликтермен қамтылған 10 планшет, сондай-ақ тактильді көшірмелерінің Брайль шрифтімен жазылған 28 этикетажы бар. Бұдан бөлек, экспонаттардың тактильді көшірмелері қолжетімділік белгісі бар тақтайшалармен жабдықталған. Барлығы 86 белгі бар тақтайша орнатылған. Олар келесі ақпаратты қамтиды: экспонаттың көру қабілеті шектеулі адамдарға арналғаны; аудиодескрипцияның бар екені; экспонатты қолмен ұстауға болатыны; Брайль шрифтінің болуы; мониторларда сурдоаудармамен жүргізілетін экскурсиялар бар екені.
Мүмкіндігі шектеулі келушілер үшін Музей аумағында келесі жағдайлар жасалған: пиктограммалар орнатылған: «КІРУ», «ШЫҒУ», «ЛИФТ», «КИІМ САҚТАУ ОРНЫ», «МҮГЕДЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН ДӘРЕТХАНА», «МЕДПУНКТ», «АРБАЛАР» және т.б. жазулар үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) бедерлі қаріппен жазылып, Брайль шрифтімен қайталанған; арнайы жабдықталған дәретханалар бар – қабырға ұстағыштарымен, шақыру түймесімен және көру қабілеті шектеулі адамдарға арналған мнемосхемамен қамтамасыз етілген; мүгедектерге арналған арбалар бар (негізгі кіреберістің қасында, 2-қабат, 5-блокта орналасқан); пандустар орнатылған (2-қабат, 5-блоктың бас кіреберісі мен 1-қабатта); қызметкерді шақыру түймелері 1 және 2 қабаттың кіреберісінде және дәретханаларда орнатылған; биіктігі реттелетін 15 ақпараттық стенд орнатылған.