2017 жылғы 15 мамырда «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМҚК-да саяси ғылымдар кандидаты Б. Әбдіғалиұлының басшылығымен жаңа мекеме – «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Орталық жанынан жалпыұлттық және жергілікті киелі орындарды анықтау әрі өзектендірумен айналысатын 40 маманнан тұратын Ғылыми-сарапшылық кеңестің жұмысы ұйымдастырылды. Кеңес жұмысына Қазақстанның көрнекті ғалымдары, өлкетанушылары мен қоғам қайраткерлері қатысуда.
2017-2025 жылдары «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» жобасы аясында жұмыстар бірқатар бағыттар бойынша жүргізілді. Олардың қатарында сараптамалық жұмыстар, киелі жерлердің тізімін толықтыру бойынша ізденістер және киелі жерлерді картографиялауға арналған дөңгелек үстелдер ұйымдастыру әрі тағы да басқа жұмыстар бар.
Ғылыми сараптамалық жұмыстардың бір бөлігі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңда бекітілген «қасиетті объекті» санаты бойынша республикалық немесе жергілікті тарих әрі мәдениет ескерткіштері тізімін саралауға арналды.
Есеп беру жылы деректеріне сәйкес, жалпыұлттық маңызы бар 205 киелі нысанның тек 70 нысаны (анықтама үшін: 70 нысанның 7 нысаны қасиетті нысан ретінде енгізілген), ал жергілікті маңызы бар 575 нысанның тек 117 нысаны (анықтама үшін: 117 нысанның 18 нысаны киелі нысан ретінде енгізілген) ғана тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие.
Яғни, республика бойынша 593 қасиетті нысанның заңдық мәртебесі анықталмаған. Осыған орай, алдағы уақытта киелі нысандардың заңдық мәртебесін бекіту мақсатында жергілікті атқарушы органдарға арнайы хат жолданды.
Сондай-ақ, Қазақстанның қасиетті жерлерінің тізімін толықтыру үшін арнайы комиссия жиналысы өткізілді. Осыған байланысты 2022 жылғы 25 наурызда ғылыми сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Отырыс барысында кеңестің жаңа құрамы бекітіліп, Жалпыұлттық киелі орындар тізімін енгізу бойынша ұсыныстар талқыланды. Нәтижесінде қасиетті объектілер тізімі 5 объектімен толықты: 1. Алашордалықтар жиналған жер (Солтүстік Қазақстан облысы); 2. Түгейболат кесенесі (Түркістан облысы); 3. Жәудір ана кесенесі (Қостанай облысы); 4. Сабынды кесенесі (Ақмола облысы); 5. Ыбырай Баяндыұлы кесенесі (Ақмола облысы).
Ғылыми қауымдастық арасында киелі орындар бойынша пікір алмасу үшін «Қасиетті орындарды, зиярат ету орындарын әрі тарих және мәдениет ескерткіштерін картаға түсіру мен ғылыми жүйелеу» республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.