МУЗЕЙ ПЕДАГОГИКАСЫ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІ

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің негізгі бағыттарының бірі музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі болып табылады.Ережеге сәйкес бөлімнің негізгі міндеттері – музейлік-танымдық жобаларды, бағдарламаларды, үйірме жұмыстарын ұйымдастыру және жүзеге асыру, балалар мен жасөспірімдердің тарихи ойлау қабілетін, патриоттық және рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастыру, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.Жобалар әр жас тобының психофизиологиялық, эмоционалды және әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, балалар мен жастардың әртүрлі жас топтарына бағытталған.

Бөлім жұмысы Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдарымен және мекемелерімен тығыз байланыста жүзеге асырылады.Бөлімде мәдени-танымдық іс-шаралар – музей сабақтары,квесттер, танымдық-ойын бағдарламалары, экскурсиялар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, Muzei Time (тест сұрақтары мен жауаптары), мәдени-ағарту жобалары аясында жүзеге асырылатын тақырыптық кештеркешенді түрде жүргізіледі. «Тарихи тұлғалар», «Шаңырақ», «Әсемдікке құштарлық», «Қызықты этнография», «Дана» студенттік клубы және «Мейірім» әлеуметтік жобалары мен «Кескіндеме және графика» көркемсурет студиясы, «Мирас», «Шебер», «Қолөнер ғаламшары» үйірмелері де жұмыс істейді.

«Тарихи тұлғалар» жобасы. Мақсаты – еліміздің дамуы мен қалыптасуына үлес қосқан қазақтың ұлы тұлғаларының тарихи рөлін ашып, олардың өмірі мен шығармашылық жолын зерделеу.

«Музейдегі тарих сабағы» жобасының негізгі мақсаты – музей залдарында музей экспозициялары арқылы қосымша тарих сабақтарын өткізу. Экспозицияларды құрастыру және оны түсіндіру музейге келушінің эмоционалды, тұлғалық, бағалаушылық қабылдауына бағытталады.

«Шаңырақ» жобасы. Мақсаты– қазақ халқының мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу, интеллектуалдық көкжиектерді кеңейту, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне қызығушылықты қалыптастыру, оқушылардың байқампаздық, көрнекі есте сақтау және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық жас және әлеуметтік санаттарына бағытталған.

«Әсемдікке құштарлық» жобасы. Жобаның мақсаты– қоршаған дүниені, табиғатты түсініп, сүюге, оларға ұқыпты қарауға қабілетті, әлеуметтік белсенді шығармашылық тұлғаны тәрбиелеу, балалардың шығармашылық әлеуетін анықтау және дамыту, жобалық әлеуметтік маңызы бар іс-шараларда ақпараттықкоммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану дағдыларын қалыптастыру. Жоба дәрістер, көрмелер, квесттер және музей сабақтары арқылы білім алатын әртүрлі жас санатындағы мектеп оқушыларына арналған.

«Қызықты этнография»жобасы. Мақсаты – балаларға дәстүрлі және ұлттық ойындарға арналған музей сабақтары мен іс-шаралар өткізу арқылы Қазақстанның ұлттық ойындарын, мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен мәдени құндылықтарын насихаттау және дамыту, өз халқына, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне деген патриоттық мақтаныш сезімін тәрбиелеу.

«Дана» жобасы. Жобаның мақсаты – студенттерді музей өміріне біріктіру және тарту, музей аудиториясын кеңейту, оқушылардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

«Мейірім» әлеуметтік жобасы. Жобаны Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі 2017 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Мақсаты – мүмкіндігі шектеулі музейге келушілерге музейдің білім беру кеңістігі арқылы Қазақстанның және басқа елдердің мәдени құндылықтарын насихаттау, олардың ой-өрісін кеңейту, қиял мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға серпін беру, сонымен қатар бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндіктер беру. Мәдени-ағарту шаралары арнайы әдістеме бойынша, балалардың диагноздары мен әр аудиторияның ерекшелігін ескеріледі. Сурдоаудармашылар шақырылып, Брайль мәтіндері пайдаланалады. «Мейірім» әлеуметтік жобасы аясында жыл сайын музейде мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларға арналған инклюзивті фестивальдер өтеді. 2018 жылы Қазақстан Елордасының 20 жылдығына арналған «Астана – ерік-жігері мықтылардың қаласы» бағдарламасы аясында «Мейірім» балалар шығармашылығының 1-ші инклюзивті музейлік фестивалі өтті. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің 5 жылдығы аясында «Мейірім» – «Шеберлер қаласы» ІІ -ші инклюзивті музей фестивалі өтті.

2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Мейірім: жасампаздық және мейірімділік жолдары» балалар шығармашылығының III инклюзивті музейлік фестивалі өтті. Фестивальдің мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмір сүруіне ықпал ету, дарындары мен мәдени ерекшеліктерін дамыту. Фестивальдер шеберлік сыныптар форматында өткізіледі. Фестиваль бағдарламасында «Киізбен сурет салу: киіз басу», «Сазбен емдеу», «Тұмар жасау», «Пластилинмен пейзаж», «Пуантелизе әдісімен сурет салу», «Интуитивтік кескіндеме» т.б. шеберлік сабақтары бар. Шеберлік сабақтарында балалар киізден кемпірқосақ суреттерін, түрлі-түсті тұмарлар жасайды, ермексаздан көркем пейзаждар жасайды, ал шеберлермен бірге балалар қыш дөңгелегінде өз беттерінше саз құмыраларды жасай алады. Фестивальдің соңында әрбір қатысушысы алғыс хат пен естелік сыйлыққа ие болады.

«Қолөнер ғаламшары» үйрімесі. Мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың сурет салу, кесте тігуге қызығушылығын арттыру, оларды шығармашылыққа баулу, балалардың заттардың сенсорлық қасиеттеріне көңіл бөлуге үйрету, ұсақ қол моторикасын дамыту. Оларды инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмір сүруге, шыдамдылық пен төзімділікке тәрбиелеу, заттардың ерекше қасиеті ретінде түсін, өлшемін, пішінін атап көрсетуге үйрете отырып, олар үшін инклюзивті шығармашылық кеңістік құру. Балалар «Алқызыл қызғалдақтар», «Тұмар», «Балериналар», «Қиял ғажап», «Мен дүниені танимын», «Қазақтың ұлттық ою-өрнектері» т.б шеберлік сабақтарына қатысып, ептілікке, сұлулыққа, ұқыптылыққа үйренеді.

«Кескіндеме және графика» үйірмесі. Үйірме мектеп жасындағы балаларға, жалпы білім беретін мектептердің оқушыларына арналған. Бұл жоба музей жанындағы балалар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер студиясы үшін дәрістер мен практикалық сабақтар, педагогикалық қызметпен айналысатын басқа ұйымдармен бірлескен іс-шаралар арқылы жүзеге асырылады. Жобаның бағыттары:

– сәулет, кескіндеме, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер;

– халықтық қолөнер;

– әлемнің көрнекті суретшілері;

– әлемдік фантастика;

– Қазақстан Республикасының көрнекті мәдениет қайраткерлері.

«Шебер» үйірмесі. Мақсаты – жасөспірімдердің әртүрлі дәстүрлі қолөнермен және сәндік-қолданбалы өнердің заманауи түрлерімен таныстыру; балалардың бойында халық мәдениетінің бір бөлігі сәндік-қолданбалы өнер туындыларын тұтас эстетикалық қабылдау қабілетін қалыптастыруға және дамытуға көмектесу,бұйымдарды жасаудың бүкіл көркемдік-технологиялық процесін өз бетінше жүзеге асыру дағдыларын қалыптастыру.

«Мирас» үйірмесі. Мақсаты – Қазақстан тарихын оқып-үйрену, мектеп оқушыларына экскурсиялық іс-әрекеттің әдістері мен дағдыларын үйрету. Танымдық жобаны жүзеге асыруға тарихшылар, археологтар, этнографтар, Ұлттық музей қызметкерлері тартылып, олар дәрістер оқиды, тәжірибелік сабақтар жүргізеді, музей залдарында экскурсиялар жүргізеді. «Мирас» үйірмесінің сабақ бағдарламасының танымдық, теориялық және практикалық бағыты бар. «Мирас» тарихи дереккөздермен, әдебиеттермен, музей экспонаттарымен жұмыс істеуде зерттеушілік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, балалардың өздері музейге экскурсиялар жасайды. Оқуды аяқтағаннан кейін студенттерге ҚР Ұлттық музейінің залдарында экскурсия жүргізу құқығы бар сертификаттар беріледі.

«Менің Қазақстаным»мәдени-танымдық және экспозициялық жобасы. Орталық2021 жылы 1 қыркүйек Білім күнінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде балалар орталығы ашылды. Мақсаты – балалардың рухани дамуына, эстетикалық сезімдерін тәрбиелеуге және өскелең ұрпақты Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен және табиғатымен таныстыруға бағытталған заманауи мәдени-танымдық экспозиция құру. Мақсатқа сәйкес келесі міндеттерді шешу жоспарланған: Қазақстанның тарихы, мәдениеті және табиғаты туралы қосымша білім алу; балаларды қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстыру; шығармашылық қабілеттерін және шығармашылық ойлауын дамыту; балалардың бейнелеу, қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер саласындағы практикалық дағдыларын қалыптастыру; Қазақстанның тарихын, мәдениетін және табиғатын насихаттау; өскелең ұрпақтың өз Отанына деген патриоттық сезімін тәрбиелеу. Орталық Қазақстанның тарихы мен табиғатын балаларға қолжетімді етіп толық көрсететін және таныстыратын түрлі-түсті безендірілген 10 ақпараттық және ойын алаңынан тұрады.

Ақпараттық аймақ Қазақстанның интерактивті географиялық картасымен, Ұлы Жібек жолының картасымен, монитормен және электронды дүңгіршекпен жабдықталған. Орталықта «Археология», «Кітапхана» сияқты білім беру алаңдары мен «Музыкалық аспаптар», «Шеберлер қаласы», «Қазақтың дәстүрлі киіз үйі», «Ұлттық ойындар» және 3D анимациясындағы үй кинотеатры бар ойын аймақтарына аймақтары бар. Балалар осындай тақырыптағы көрнекіліктер менәр түрлі ойындар арқылы Қазақстанның тарихы, мәдениеті, табиғаты туралы білім алуға, өздері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге, киіз үймен танысуға, бейнефильмдерді көруге мүмкіндік алады.Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына арналған ұлттық ойындарын ойнап, ұлттық киімдермен суретке түседі және т.б.

Музейлік ертеңгілік. Жыл сайын ҚР Ұлттық музейінде Жаңа жылдық және Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған ертеңгіліктер өткізу дәстүрге айналған. Балаларға арналған ертеңгіліктерде музей қызметкерлерінің қатысуыменқызықты оқиғағаларға құрылған тұтас театрландырылған қойылымдар көрсетіледі.