«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі»

Қор жұмыстары қызметі

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің музей қоры ұлттық мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігі саналады және оны сақтау – Музейдің әлеуметтік-мәдени ескерткіштер институты ретіндегі аса маңызды міндеті.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қоймалары елдің ұлттық игілігінің бірегей мәдени құндылықтарын сақтайтын орын. Музей қорларына палеонтология, археология, этнография, қару-жарақ, нумизматика, алтын және асыл металдар, сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері, мұрағаттық фото-, видео- және аудио құжаттардың топтамалары кіреді.

Музей қорының зерделенгендігінің, оның ғылыми және мәдени айналымға енгізілуінің көрсеткіші – бұл есепке алу, ғылыми түгендеу және музей заттарының сақталуы.

Біздің қызметіміздің басты мәні Музейге тиісті музей заттары мен ғылыми-қосалқы материалдардың сақталуы мен ғылыми ұйымдастырылған жинақты есепке алу болып табылады.

Қызмет мамандары музей заттарын қорлар мен топтамалар бойынша топтастыру және жүйелендіруді, музей көздерінің әртүрлі үлгілері мен түрлерінің сақталу жүйелерін ұйымдастыруды, сақталу қауіпсіздігін, музей заттары мен топтамаларының сақталу күйін бақылауды жүзеге асырады. Сонымен қатар қызметкерлер ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруға көмектеседі, қор сақтау мен есепке алудың ғылыми-әдістемелік сұрақтарын әзірлеуге, ғылыми каталог жасауға қатысады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндегі музей заттарының саны 217 286 сақтау бірлігін құрайды: оның ішінен 169 774 сақтау бірлігі тұрақты сақтауда (негізгі қорда – 118 671 бірлік, ғылыми-қосалқы қорда – 51 103 бірлік), ал уақытша қордағы музей заттарының саны – 47 512 сақтау бірлігі.

ҚР ҰМ Қор жұмыстары қызметі үш бөлімнен тұрады: қорларды жинақтау және жаңа түсімдер бөлімі, есепке алу бөлімі және қор сақтау бөлімі. Музей қызметінің негізін құрайтын бағыттардың бірі – бұл қорларды жинақтау. Қорларды жинақтаудың көздері алуан түрлі: ғылыми-зерттеу экспедицияларында материалдар жинау, сатып алу, жеке тұлғалардың немесе ұйымдардың және т.б. сыйға беруі немесе өткізуі. Бөлімнің басты мақсаты – музейтанудың әдістемелік қағидаттарына сүйене отырып музей заттары мен топтамаларын табу және жинау үрдісін мақсатты түрде қамтамасыз ету. Соның нәтижесінде Музей жұмысы үшін қажетті дерек қоры құрылады.

Есепке алу бөлімі – бұл да қор жұмысының негізгі бағыттарының бірі саналады.

Музей заттарын есепке алу дегеніміз - олардың нормативтік сақталуын сәйкестендіру және ұйымдастыру мақсатында заттардың құрамы мен санын арнайы есепке алу-сақтау құжаттамасына тіркеу. Есепке алу құжаттамасы заттың қор құрамына түскен сәтінен бастап, музейде болған уақытындағы барлық оқиғаларды тіркейді. Музей заттарын тіркеу екі кезеңнен тұрады: музейге түскен заттардың бастапқы тіркелуі және олардың түгенделуі.

Қазіргі уақытта қызмет мамндары деректердің тиімді жүйеленуін қамтамасыз ететін автоматтандырылған «Музей» жүйесімен жұмыс жасайды.

Қор сақтау бөлімі музей заттарының сақталуын қамтамасыз етумен айналысады. Қорларды сақтау заттардың қор сақтамаларда, экспозицияда болуы, кез-келген ары-бері орын ауыстыру сияқты Музейде болған уақытының барлығында жүзеге асырылады. Музей заттары мен топтамаларын сақтау олардың түрлеріне (заттай, жазба, бейнелеу және басқалар) қарай және міндетті түрде тиісті қор сақтамаларда бөлек жүзеге асырылады. Музей қорларының сақталуын ұйымдастырудан бөлек, музей заттары мен топтамаларының қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Заттарды зақымдалудан, бүлінуден, тозудан сақтайды, музей заттарын экспозиция мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына ұсыну үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Температуралық-ылғалдылық, жарық режимдерін сақтау, ауаның ластануы мен заттардың сақталуын бақылау, зақымдануларды және затты реставрацияға өткізуді тіркеу сынды үрдістердің барлығы қорларды сақтау бөлімінің қызметкерлерінің бақылауында болады.

Музей топтамаларына:

  • асыл металдар қоры №1 (алтын);
  • асыл металдар қоры №2 (күміс);
  • археология қоры;
  • жазба деректер және ақпарат қоры (фото-негативтер, құжаттар);
  • нумизматика қоры;и;
  • металл қоры;
  • шыны, фарфор, фаянс қоры;
  • ағаш қоры;
  • қару-жарақ, ат әбзелдері және былғары бұйымдар қоры;
  • киім және кесте қоры;
  • кілем-киіз бұйымдары қоры;
  • бейнелеу өнері қоры;
  • кітап қоры;
  • аудио-видео материалдары қоры кіреді.

Цифрландыру

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 2017 жылдан бастап музей заттарын цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Цифрландыру жұмыстарын жүргізудегі басты мақсат, әлбетте, сақтау, көпшілікке танымал ету, сол сияқты музей топтамаларының қол жетімділігін арттыру болып табылады. Бүгінгі таңда 625, олардың ішінен: 2017 ж – 225, 2019 ж. – 200, 2020 ж - 200 сақтау бірлігі цифрланды.

Цифрландыру – бұл қандай-да бір музей заттарын одан әрі сақтау және пайдалану үшін цифрлық мәліметтерге айналдыру үрдісі. Музей қорларын цифрландыру үрдісі бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші, дайындық кезеңінде экспонаттарды іріктеу, жағдайын байқау, қажет болса реставрациялық жұмыстар жүргізізіледі, тек осылардан кейін ғана цифрландыруды бастауға болады. Музей топтамаларының әрбір түрі үшін цифрландырудың өз технологиялары қолданылатынын да айта кету керек. Содан кейін цифрландырылған үлгілер музей сайтына жүктеледі, мультимедиялық дүңгіршектерде және т.б. қолданылады.