Ұлттық музейде ауған қазақтарының кілем көрмесі ашылды

2023 жылғы 27 желтоқсан күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінде «Отандастар» қоры мен «ELSANA-AMANAT» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Уақыт құшағында» атты ауған қазақтарының кілем көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрермен назарына кілем өндірісінде алдыңғы қатарлы қолөнер бұйымдарын дайындайтын «Nasim Nayman Qazaq Karpet» компаниясының кілемдері ұсынылған. Компания басшысы – Нәсим Найман кішкентайынан кілем тоқу ісімен айналысып, Ауғанстанда кілемді қолмен тоқу өнеркәсібінің дамуына септігін тигізді. ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми хатшысы Саялбек Ғизатов: «Халқымыздың қолөнерін дамытуға бағытталған шаралар үшін Ұлттық музейдің есігі әрқашанда ашық екенін айтып өткім келеді. Оның бір мысалы ретінде биылғы жылы Ұлттық музейде ашылған «Қолөнершілер орталығын» атап өтуге болады. Бүгінгі орын алып отырған көрме де осының дәлелі. Бұл көрменің ерекшелігі – сонау Ауғанстан жеріндегі өзіміздің бауырларымыз тоқыған кілемдердің халық назарына ұсынылуы. Олар осы өнерді керемет дамытып қана қоймай, оны әлемдік деңгейде насихаттап жүргеніне көз жеткіздік». «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының атқарушы директоры Нұрхан Жалиев көрменің ашылуымен құттықтап, Отандастар қоры тарапынан шет елдердегі қазақтарға қатысты ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар туралы сөз қозғады. «Nasim Nayman Qazaq Karpet» компаниясының басшысы Насим Найман көрмені ұймдастырушыларға өзінің алғысын білдіріп, кілем тоқу өнерінің дамуы үшін тапжылмай еңбек ететінін айтты. «Elsana Amanat» қоғамдық қорының президенті Серік Ерғали бұл көрмеде Мемлекеттік туды бейнелейтін кілемнен бастап Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда сақтаулы тұрған Пазырық кілемінің көшірмесін тамашалуға болатынын атап өтті. Көрмеге 2023 жылы тоқылған және түрлі композициялық сюжеттерді ұсынатын 60-қа жуық кілем қойылды.