2022 жыл: Ұлттық музейдің тың жобалары мен үздік қызметкерлері

Ұлттық музейде қызметкерлердің қатысуымен салтанатты жиын өтті. ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Сыдықов 2022 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысымен таныстырып, келер жылы жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспарымен бөлісті.

ҚР Ұлттық музейінде 2022 жылы 439 іс-шара, соның ішінде халықаралық және республикалық деңгейдегі 40 көрме ұйымдастырылды. Музей қорына тұрақты сақтау үшін 3,2 мыңнан аса бірлік зат түсті, басым бөлігі жеке тұлғалардан жинақталып, ғылыми экспедициялар нәтижесінде табылған.

Ағымдағы жылы жүзеге асырылған тың бастамалар қатарында халықаралық «ART TALK» ІІ симпозиумы мен ART EXPO халықаралық көрмесін атап өтуге болады. «Музейдегі мектеп күні» пилоттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында 52 сабақ өткізіліп, бір мыңнан аса оқушы қатысқан. «Қолжетімді музей: баршаға арналған мәдени мұра» жобасы жүзеге асып, мүмкіндігі шектеулі келушілер үшін сурдоаудармасы бар бейнероликтер түсірілді, аудиогидтер жазылып, тактильді экспонаттар жасалды.

Кәсіби суретшілер мен жас қылқалам шеберлерінің өнеріне қолдау мақсатында «Ұлттың ұлы ұстындары» атты республикалық байқауы мен «Ортеке – балалар көзімен» атты республикалық көркемсурет конкурсы ұйымдастырылды.

«XXI ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап» атты курсқа еліміздің 25 музейінен 40 маман жиналды. Олар музей ісін дамытуға қатысты дәрістер тыңдап, Ұлттық музей реставраторларының мастер-кластарын тамашалады.

Айбек Жексеналыұлы музей ұжымын Жаңа жылмен құттықтай отырып, 2022 жылы жемісті еңбек еткен қызметкерлерді атап өтті. Еліміздің өркендеуіне ат салысып, мәдениет саласының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен суретші-экспозиционер Азамат Нурмаганбетов наградталды.

Биыл елімізде президенттік сайлау өтіп, оған Ұлттық музей қызметкерлері бір кісідей ат салысты. Саяси маңызы зор шараның дайындығы мен өтуіне қосқан елеулі үлесі үшін Роза Мұхаметжанова мен Жасулан Абдуллин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды. Ал Толқын Дәріш, Бәтима Кәлемшариф пен Пердехан Мұсырманқұлға Астана қаласы әкімінің Құрмет грамотасы табысталса, Даулет Абилмажинов пен Ахат Самат Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.