National Geographic әлемге танымал Photo Ark көрмесін ұсынады!

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде National Geographic Photo Ark көрмесі ашылды.

National Geographic Photo Ark – сиреп бара жатқан жан-жануарлар түрлерін фотоға түсіруді мақсат еткен көрнекі жоба. Мұндағы суреттер жай ғана фото емес, жер бетінен мүлдем жойылып кетудің алдында тұрған тіршілік иесінің ғажайып сұлу бейнесін, тіпті көңіл күйі мен жан дүниесін паш ететін портреттер. Авторы – әлемге танымал фотограф Джоул Сартори.

Көрменің мақсаты – ғаламшарымыздағы биоалуандықты құжаттау, қауіп төніп тұрған түрлерді құтқару және олардың аса маңызды мекендерін қорғау ісінде адамзаттың күш-жігерін жұмылдыру. Хайуанаттар бағында, аквариумдарда және жабайы табиғат қорықтарында мекендейтін барлық түрді фотоқұжаттау арқылы National Geographic басылымы мен Джоул Сартори адамдарды тамсандырып қана қоймай, аң мен құсты болашақ ұрпақтарымызға көрсете алу үшін қорғауға шақырады.

Photo Ark көрмесінің ашылу рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, медиа-менеджер, бірқатар ақпарат құралының негізін қалаушы кәсіби журналист Арманжан Байтасов, қоғам белсенділері және дипломатиялық қоғамдастық өкілдері қатысты.

«National Geographic-тің осындай жобасын көруге асығып келдік. Көрменің миссиясы ұлтымыздың дәстүріне сай. Қоршаған ортамызға, жалпы жан-жануарларға үлкен құрметпен қарау халқымыздың болмысында бар. Ғасырдың аяғына дейін жоғалып кету қаупі бар осынша жануарлардың суретін көріп, өзіміз таңғалып отырмыз. Бұл экологиялық жаңаша ойлауды талап ететін үрдіс, соған бір қадам деп айтуға болады», - деп атап өтті Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай.

Көрмеге студиялық сапада түсірілген 74 сурет қойылып отыр. Экспозицияны 4 желтоқсанға дейін Ұлттық музейдің 5 қабатында орналасқан залда тамашалауға болады.