ҚР Ұлттық музейінің қызметкері Самарқандта өткен VI халықаралық конгреске қатысты

22-24 шілдеде Самарқандта «Өзбекстанның мәдени мұрасы – жаңа Ренессанстың негізі» атты VI халықаралық конгресс өтті.

Конгресс жұмысына әлемге әйгілі 250-ден астам шығыстанушы ғалымдар қатысты. Олардың ішінде – танымал 33 халықаралық музей директоры, 15-тен астам академик, 20-дан астам профессор және ғылым докторы бар.

Шара барысында әлемнің 32 елінен келген танымал шығыстанушы ғалымдардың 100-ден астам баяндамасы тыңдалды, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің мәдени мұрасына арналған дөңгелек үстел өтті.

Аталған жиынға ҚР Ұлттық музейінің Бас қор сақтаушысы Бәтеш Ақпасова қатысып, «ҚР Ұлттық музейі: тарихы мен дәстүрі» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз баяндамасында мәдени құндылықтарды кейінгі ұрпаққа насихаттауда және тарихи жәдігерлердің сырын халыққа бүкпесіз жеткізудегі ҚР Ұлттық музейінің алатын айрықша рөліне тоқталды.

Сонымен қатар, халықаралық музейлік стандарттарға сай қызмет жүргізіп отырған қор жұмысы мен құнды жәдігерлерді атап өтті.

Айта кетейік, шара аясында «Өзбекстанның мәдени мұрасы – әлемдік жинақтарда» сериясының 10 жаңа томдық кітап-альбомының және сирек кездесетін ежелгі қолжазба факсимилесі бірегей басылымының тұсаукесері болды. Конгрестің соңғы күнінде қатысушылар ел президентіне үндеу жолдап, Самарқандтың тарихи-мәдени ескерткіштерін тамашалады.