Ұлттық музейде «Суретке салынған уақыт» атты көрменің ашылуы өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы және Мажарстан арасында  дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толуына орай, Мажарстан Өнер Академиясының мүшесі, графика суретшісі, аниматоры, жазушысы, Кошут атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты Иштван Оростың «Суретке салынған уақыт» атты көрмесінің ашылуы өтті.

Көрменің ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығына тоқталды.

«Баршаңызды Қазақстан Республикасы мен Мажарстанның дипломатиялық қатынас орнатқанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!    

Бүгін, айтулы жылға орай, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және Мажарстан Елшілігінің бірлесуімен графика суретшісі, аниматор, жазушы, Мажарстан Өнер Академиясының мүшесі, Кошут атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты Иштван Оростың «Суретке салынған уақыт» атты көрмесі ашылуда. Әрбір елдің өзіндік тілі, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы болғанымен өнердің шекарасы да, шеті де, шегі де жоқ. Суретшілер тек өзіндік көзқарасы мен кез-келген шабыт тудырған объектісі туралы түрліше көріп, сезінуі және өнер арқылы сөйлете алуымен ғана ерекшеленеді. Бүгін Ұлттық музейде ашылғалы отырған «Суретке салынған уақыт» көрмесі түбі бір түркі жұртынан таралған қазақ және мажар ұлттарының өнераралық байланысын суреттейді. Көрменің ашылуымен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін», - деді А. Сыдықов.

Өз кезегінде Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона алғысын білдіре отыра, көрменің маңыздылығын атап өтті.

«Қазіргі таңда Қазақстан мен Венгрия арасында мәдени-гуманитарлық және басқа да салалар бойынша тығыз ынтымақтастық қатынастар тұрақты дамып келеді. Бүгінгі көрме де соның жарқын көрінісі. ҚР Ұлттық музейінде Иштван Оростың «Суретке салынған уақыт» атты көрмесінің ашылуы өтуде. Өзім өнертанушы болмасам да, оның әр детальға назар аударту арқылы тұтастай бір бейнені көз алдымызға елестетеді. Иллюзияға толы туындылар көрермендердің көңілінен шығады деген ойдамын», - деді Отто Иван Рона.           

«Суретке салынған уақыт» көрмесінде «Жасырылған бейнелер», «Айналар мен шағылулары», «Бос» сияқты жұмыстар топтамасы қойылды. Суретшінің шығармашылығында ерекше орын алатын даңқты анаморфозалар да көрме қонақтарының назарына ұсынылды. Бұл композициялар абстрактылы туындылар болып табылады, олардың шынайы мағынасын тек қос мағыналы сурет төңірегінде тікелей орнатылған арнайы құрылғылардың – конустық немесе цилиндрлік айналардың көмегімен тамашалады.   

Айта кетейік, Иштван Орос дәстүрлі сурет салу техникасында бейнеленген визуалды парадокстарды және кеңістіктік елестерді пайдалана отырып, күрделі оптикалық иллюзияларды жасайды. 1984 жылдан бастап суретші грек тілінен аударғанда «ешкім» мағынасын білдіретін «Утис» (Utisz) лақап есімін қолданады.

Классикалық бейнелеу өнері мектебінің шәкірті бола отырып, Иштван Орос ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік дәстүрлерді, сондай-ақ батыл жаңашыл идеяларды біріктіретін, өзіндік ерекше, қайталанбас стилін жасағанын байқауға болады.

Іс-шараға дипломатиялық қоғамдастық өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, суретшілер, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.