Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумға қатысты үндеу жасады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумға қатысты үндеу жасады.

Қазақстан өте маңызды әрі бетбұрысты кезеңге қадам басқалы тұр. 5 маусым күні азаматтарымыз жалпыұлттық референдумда дауыс береді. Конституцияға түзетулер енгізу мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бұл – мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт. Ел тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайтыны анық.

Сіздерді тарихи таңдау жасауға шақырамын. Өйткені, бұл Қазақстанның даму бағдарын айқындайды. Әрқайсыңыз біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлшегісіз және тұтас ұлттың болашағына ықпал ете аласыз. Демек, бұл – өз тағдырыңыз деген сөз. Отанымыздың тағдыры сіздерге байланысты. Алдағы референдум мемлекетімізді нығайтуға және қоғамды тың серпінмен дамытуға жол ашады. Мен әрбір азаматымызды ел тағдырын айқындайтын тарихи таңдау жасауға шақырамын. Бұл референдумда әр азаматтың дауысы – маңызды. Әрбір азамат тұтас ұлттың тағдырына, яғни тікелей өз тағдырына оң ықпал ете алады»,- деді Президент өз сөзінде.

Аталған жиынды ҚР Ұлттық музейінің қызметкерлері зор ықыласпен ұжым болып тыңдады.