«Бақытты бала» атты Мейірім балалар шығармашылығының ІV инклюзивті музейлік фестивалі өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Балалар жылы аясында «Бақытты бала» атты «Мейірім» балалар шығармашылығының ІV инклюзивті музейлік фестивалі өтті.

Мақсаты – ерекше білім алуды қажет ететін балалардың шығармашылық қабілетін арттыру, олардың дарындылығы мен мәдени ерекшелігін дамыта отырып, инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмір сүруіне ықпал ету.

Ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Назгүл Кадримбетова фестивальдің ашылуымен құттықтап, шараның маңыздылығына тоқталды.

«Биылғы Барыс жылын Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде, «Балалардың үйлесімді дамуы, бақытты балалық шағы – біздің жалпы ұлттық міндетіміз» деп айтқан болатын.

Осы ретте, біз тұтас қоғам болып өскелең ұрпақты қолдау, қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру бағытында тиісті шараларды атқаруға міндеттіміз.

Өз кезегінде Ұлттық музей бұл бағыттағы шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Оның ішінде қызықты экскурсиялар, шеберлік сабақтар, тағы да басқа түрлі шаралар бар. Соның бір көрінісі бүгінгі «Бақытты бала» атты «Мейірім» балалар шығармашылығының ІV инклюзивті музейлік фестивалі.

Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған атаулы шараға қош келдіңіздер. «Мырза болма, мейірімді бол» деп қазақ тегін айтпаса керекті. Сондықтан да мейіріміміз үстем, абыройымыз асқақ болсын. «Бақытты бала» фестиваліне шығармашылық табыс, сәттілік тілеймін», - деді Н. Кадримбетова.

         Шара бағдарламасында «Киізден сурет: киіз басу», «Сазтерапия», «Тұмар жасау», «Ермексаздан пейзаж», «Интуитивті кескіндеме», «Бірге сурет саламыз» тақырыбындағы алты шеберлік сабағы өтті.

Шеберлік сабақтарда балалар киізден түрлі-түсті картиналар, әдемі тұмарлар, ермексаздан табиғат көріністерін, саздан геометриялық фигуралар, сондай-ақ, әртүрлі стильде суреттер салды. «Сазтерапия» шеберлік сабағын №65 мектеп-гимназиясының көмекші мұғалімі Әсел Қайсанова, пуантилизм техникасымен «Бірге сурет саламыз» шеберлік сабағын арт-терапевт Күлдрайхан Қаныбекқызы, «Интуитивті кескіндеме» шеберлік сабағын отбасылық психолог, арт-терапевт Тойжан Рамазанқызы жүргізіп, шараны өткізуге «Jas Otan» жастар қанатының еріктілері ат салысты.  

Айта кетейік, фестивальдің демеушілері – «Amanat» партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы, «Jas Otan» жастар қанаты Елордалық филиалы, «Nasledie» қоғамдық бірлестігі», «Тәп-тәтті» Retail ЖШС, (Алмазная ас суы), «Сансититехсервис» ЖШС.

Фестиваль дамытушы шеберлік сабақтар үлгісінде өтіп, 7 және 18 жас аралығындағы арнайы білім беруді қажет ететін балалар мен жасөсіпірімдер және олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары қатысты.

Шара соңында музей ұжымы қатысушыларға алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.