Мұхтар Байбосынның«Асыл мұра» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде белгілі суретші Мұхтар Байбосынның XIX-XX ғасырларда қазақ мәдениетінің негізін салған тұлғаларға арналған «Асыл мұра» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті.

Мақсаты – қазақ халқының тарихында мәдениет пен өнер мектебін қалыптастырып, өшпес мұра қалдырған ақындар мен күйшілерді, сал-серілер мен композиторларды қылқалам арқылы насихаттау, қазақ әдебиеті мен мәдениетінде, дәстүрлі күй өнеріндегі көрнекті өкілдердің шығармашылығын кескіндеме және графикалық бояулар арқылы сөйлетіп, жаңаша бағытта жұртшылыққа таныстыру.

Ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейінің Ғылыми хатшысы Саялбек Гиззатов көрменің ашылуымен құттықтап, Мұхтар Байбосынның 50 жылдық мерейтойына орай құттықтау хатын табыстады.

«Мұхтар Қайратұлы – қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін бейнелеу өнері арқылы таныстырушы. Ол мұрамызды дәріптеп қана қоймай, ұлағатты ұстаз ретінде өнерлі жастардың биікке самғауына ат салысып, шығармашылық жолында өскелең ұрпаққа өнеге болып келеді. Суретші өз картиналарында қазақ халқының біртуар азаматтары ұлы ақындарымыз бен дәулескер күйшілеріміздің бейнелік образдары және сюжеттік әңгімелері, шығармашылық жанрларын қамтитын портреттік композицияларын ұсынады. Маңызды шараның жұмысына сәттілік тілей отырып, «Асыл мұра» көрмесінде экспозицияланатын өнер туындылары, талғампаз көрерменнің жүрегінен ерекше орын алатынына нық сенімдімін»,-деді С. Гиззатов.

Өз кезегінде белгілі суретші, көрме авторы Мұхтар Байбосын Ұлттық музей ұжымына алғысын білдіре отырып, жиналған қауымға өз ризашылығын білдірді.  

«Құрметті өнер сүйер қауым! Өнер адамының, суретшінің сыншысы ол – көрермен, ол – халық. Өнерімді бағалап келгендеріңіз мен үшін – үлкен мәртебе, зор қуаныш. Бүгінгі «Асыл мұра» атты көрмемді ұйымдастыруға ат салысқан музей ұжымына алғысымды білдіремін. Қасиетті қара шаңырақ Ұлттық музейде осындай көрмелер жалғасын таба берсін», - деді М. Байбосын.       

Көрмеге ақындар мен күйшілердің бейнелік образдары және сюжеттік әңгімелері, шығармашылық жанрларын қамтитын портреттік композициялар қойылды. Олардың қатарында Ақан сері, Біржан сал, Естай Беркімбаев, Жаяу Мұса, Мұхит Мерәліұлы, Әсет Найманбаев, Үкілі Ыбырай, Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов Майра Уәлиқызы, Дина Нұрпейісова секілді тұлғалар бар.

Туындылар кескіндеме және графикалық үлгіде дайындалған. Көрме нәтижесінде суретші көзқарасымен салынған тарихи бейнелер мен шығармашылық жаңашылдықты дәріптеу жұмыстары жүргізіліп, музей қонақтары мен шетелдік туристер бояу құпиясы арқылы берілген қазақ халқының ұлы тұлғаларының деректерімен танысты.  

Көрме аясында қазақ дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттап жүрген Қайрат Байбосыновтың шәкірттері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.

Шараға дипломатиялық қоғамдастық және зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, архив, кітапхана, музей қызметкерлері мен жоғарғы оқу орындарының білім алушылары және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.