«Қазақстан халқына сүйіспеншілікпен – әлем ғажайып бояуда» атты көрменің ашылуы өтті

ҚР Ұлттық музейінде «Қазақстан халқына сүйіспеншілікпен – әлем ғажайып бояуда» атты көрменің ашылуы өтті.

Мақсаты – Отанымыз Қазақстан Республикасын күллі әлемге акварель техникасымен паш ету.  

Шара барысында ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Саялбек Гиззатов көрменің ашылуымен құттықтады.

«Қазақстан халқына сүйіспеншілікпен – әлем ғажайып бояуда» атты көрменің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын!

Кез келген қоғамның тарихи дамуы мен өркендеуі сол елдің өнері мен мәдениетіне тікелей байланысты. Бай тарихы бар, байтақ даласы қазынаға толы Тәуелсіз еліміздің сан ғасырлар армандаған бүгінгі дәуірін ардақтап, қадір-қасиетін сақтау, оны жас ұрпаққа аманат ету әрбір азаматтың абыройлы борышы. Өйткені, мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы мен парасаты. Бүгінгі көрмеде Жамбыл облысының жетекші қылқалам шеберлерінің түрлі бағыттағы акварель туындылары көрермен қауымның көзайымына айналатынына сенемін», - деді С. Гиззатов.

Өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мүсінші Сембіғали Смағұлов бүгінгі көрмедегі акварель техникасымен салынған туындыларға тоқталып, Тараз қаласы Суретшілер одағының атынан көрме өткізуге септігін тигізген ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына алғыс хат табыстады.

Осы көрмеге дейін Жамбыл облысының акварельшілері қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы кескіндемеші әрі акварельші Әбілхан Қастеевтің дәстүрін жалғастыра отырып, еуразиялық акварель әлемінің астанасында өздерінің өмірді түсінулерін акварель туындылары арқылы ұсынып, Санкт-Петербург жұртшылығын Қазақстанның бейнелеу өнерімен таныстырып өткен.

ҚР Ұлттық музейіндегі көрмеде Елена Панина, Қазым Аманқосов, Владимир Худяков сынды жетекші акварельшілерінің көрермендердің кең аудиториясына арналған әрі түсінікті әртүрлі бағыттар мен ағымдардағы классикалық және заманауи акварель туындыларының барлық түрлері мен жанрлары ұсынылды. Өз туындыларында қазақ халқының салт-дәстүрі туралы баяндайды.

Айта кетейік, Қазақстандық суретшілердің туындылары кімді болсын бейжай қалдырмаған. Акварель қылқаламының Сергей Андрияка мен Елена Базанова сияқты әйгілі шеберлері, сол сияқты көптеген өнерді бағалаушылар мен акварельді қастерлеушілер оларға шынайы қызығушылық танытып, лайықты бағаларын берген.

Іс-шараға дипломатиялық қоғамдастық өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері мен суретшілер қатысты.