Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Болған Ана кесенесінен табылған жәдігерлердің және Болған Ана жаңғыртпасының көрмесі өтті.
Іс-шараның мақсаты – Алтын Орда дәуірінің тарихын кеңінен насихаттап, Қазақстандағы археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер мен солардың негізінде жасалған жаңғыртпалармен көпшілікті таныстыру.
Шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова, Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ержан Нұрмағанбетов, дипломатиялық қоғамдастық және зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
Көрменің ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы шараның маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі ашылып отырған көрменің еліміз үшін маңызы өте зор. Себебі қасиетті Сарыарқа төрінен құнды жәдігерлер әкелінді. Бұл жәдігерлер – халықпен бірге жасасып келе жатқан үлкен мәдени, тарихи тағылымға толы танымдық рөл атқарушы рухани күш. Тарихтан тағылым алып, бүгінгіні байыптау, ертеңгі күнге берік байлам жасау – баршамыздың ұрпақ алдындағы маңызды міндетіміз», - деді А. Мұхамедиұлы.
Өз кезегінде Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов «Ұлт ұясы – бірліктің бесігі» болған Ұлытау ауданындағы Болған Ана кесенесінен табылған жәдігерлердің тарихи мәнін атап өтті.
Айта кетейік, Болған Ана кесенесінде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары археолог Айбар Қасенәлі жетекшілігімен іске асты. Қазба жұмыстары барысында Алтын Орда дәуіріне тиесілі құнды археологиялық жәдігерлер табылған. Солардың қатарында жібек матадан тігілген сырт киім үлгілері, бағалы металдан жасалған ыдыс және антропологиялық материалдар бар. Археолог, реставратор, көне тоқыма технологияларының маманы Татьяна Крупа ұзындығы төрт метр болатын шапанның көшірмесін жасаған.
Ал антропологиялық деректерге негізделген Қазақстандағы алғашқы гипперреалистік мүсінді мүсінші-гипперреалист Айдос Есмағамбетов дайындады. Ол шынайы кейіпке жақын мүсіндерімен көпке танымал шебер. Сондай-ақ, қосалқы жәдігерлердің реконструкциялары да жасалды.
Аталған көрме Қарағанды облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.