«Ақмола облысының тарихи топонимдері» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ақмола облысының тарихи топонимдері» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтті.
Ғылыми еңбек Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін іске асыру мақсатында дайындалған.

Іс-шараға Ақмола облысы, Ішкі саясат басқармасы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Әсем Жұмағұлова, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Иманбердиева, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлнар Алиева, сондай-ақ, тарих, география, лингвистика саласындағы көрнекті ғалымдар қатысты.

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Ақмола облысының тарихи топонимдері» атты ғылыми еңбек ежелгі елді мекен атауларын зерттеуге арналған бірегей туынды. Әсіресе, қазақ географиялық атауларына, елді мекен атауларының шығу тарихына қызығатын оқырмандарға тапсырмас дүние деп есептеймін.
Кітапта Ақмола облысының ономастикалық кеңістігі бойынша жаңа зерттеу нәтижелері ұсынылып, облыс елді мекендерінің тарихи атауларын қалпына келтіруге бағытталған. Бүгінгі маңызды шараның өтуіне ат салысқан баршаңызға алғыс айта отырып, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», - деді ол.

Өз кезегінде Ақмола облысы, Ішкі саясат басқармасы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Әсем Жұмағұлова оқырмандарға ұсынылған «Ақмола облысының тарихи топонимдері» кітабы Ақмола облысының ономастикалық кеңістігін одан әрі реттеу және елді мекендер мен әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын зерделеуге арналғанын жеткізді.

         Шара барысында кітап авторы ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ҒЗИ-ның ғылыми қызметкері Ирина Бекзатқызы көпшілікке кітапты таныстырып өтті.
         Қазіргі таңда елордалық аймақтың топонимдерін зерттеу және оларды жүйелеу қажеттілігі күмән тудырмайды. Көптеген ғалымдардың қызығушылығын тудыратын тақырып бұл – ойконимия, яғни елді мекен атаулары. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын реттеу және халықтың тарихы мен рухани мәдениетінің маңызды куәгері ретінде ұлттық топонимияны жаңғырту мақсатында ономастикалық зерттеулер жүргізу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады.
         Кітапта Ақмола облысының ономастикалық кеңістігі бойынша жаңа зерттеу нәтижелері көрсетілген.
Ғылыми еңбек тіл білімі мамандарына, тарихшыларға, географтарға, сондай-ақ қазақ географиялық атауларына, топонимдердің шығу тарихына қызығушылық танытатын көпшілік оқырманға арналған.

Айта кетейік, басылым «Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен «Ақмола облысының тарихи-географиялық атауларын зерттеу және қалпына келтіру» жобасы аясында жарық көрді.