Афиша

Қазақстан археологиясы

Қазақстан археологиясы
2021 жылғы 12 қарашада сағат 15:00-де ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының 75 жылдығына, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының 30 жылдығына және ЕҰУ-нің 25 жылдығына арналған К.М. Байпақовтың, Ж.Қ. Таймағамбетовтың «Қазақстан археологиясы» атты ғылыми басылымның тұсаукесер рәсімі өтеді. Мақсаты – отандық археологтардың ашқан жаңалықтары мен Қазақстанның ежелгі тарихының, оның ішінде мәдениет тарихының дамуынан сыр шертетін ағылшын тілінде жарық көрген іргелі еңбекті жан-жақты насихаттау. Ғылыми басылым кіріспеден, алты тараудан, қорытындыдан және қолданылған әдебиеттің кең тізімінен тұрады. Кітапта кестелер, жоспарлар, сызбалар, фотосуреттер түрінде жақсы ойластырылған суреттер бар және тиісті бейіндегі жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, докторанттарына, тарихшыларға, алыс шетел зерттеушілеріне арналған. Қазақстанда археология ғылымы орныққаннан бергі уақыт ішінде ғалымдар Қазақстанның ежелгі тарихының, оның ішінде мәдениет тарихының дамуының біртұтас бейнесін жасады. Айта кетейік, 1993 жылы алғаш рет К.М. Байпақовтың, Ж.Қ. Таймағамбетовтың, Т. Жұмағамбетовтың «Қазақстан археологиясы» атты оқу құралы жарық көрді. Археология бойынша К.М. Байпақов, Ж.Қ. Таймағамбетовтың келесі басылымы 2007 жылы орыс тілінде, ал 2009 жылы қазақ тілінде жарық көрді. Аталған оқу құралының университеттерде жариялануы кездейсоқтық емес. Себебі жоғары оқу орындарында археология пәні оқытылады, археологиялық экспедициялар өткізіледі, болашақ археолог мамандарды даярлау туралы мәселе қойылады және диссертациялық жұмыстар қорғалады. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» және оның қажеттіліктеріне байланысты археологиялық мұраның қойылған міндеттерін орындау, археологиялық ландшафтарды музейлендіру үшін ғылыми-зерттеу институттарында, жоғары оқу орындарында, өлкетану және музей-қорықтарда археологтардың білікті мамандары жетіспейтіні құпия емес. Осыған байланысты «Қазақстан археологиясы» атты ғылыми басылым Қазақстанның жоғары оқу орындарында ғана емес, алыс шетелдерде де сұранысқа ие. Осы ретте басылымның жоғары оқу орындары қауымдастығының күміс медалімен марапатталуын да атап өткен жөн. К.М. Байпақовтың, Ж.Қ. Таймағамбетовтың 2021 жылы жарық көрген «Қазақстан археологиясы» атты ағылшын тіліндегі нұсқасы сол алғашқы дәстүрді жалғастырады. Археологиялық материалдар Қазақстан мәдениетінің көпқұрамдылығын айғақтайды. Әр түрлі мәдениеттердің өзара әрекеттесуі мен өзара әсері политогенез, культурогенез және этногенез процестерінде маңызды фактор болды. Археологиялық деректер бойынша орталықтары Қазақстан аумағында орналасқан Батыс Түрік, содан кейін Түргеш және Қарлұқ қағанаттары, сондай-ақ Қарахандықтар, оғыздар, қыпшақтар мемлекеттері мәдениетінде әртүрлі этностық дәстүрлер үйлескен ортағасырлық мемлекеттік құрылымдардың болуын растайтын мысалдар анықталды. Тәуелсіздік жылдарында отандық археологтардың ашқан жаңалықтары ресми мойындалып, бүкілодақтық және әлемдік ауқымда оң бағасын алды. Бұл мәліметтердің барлығы ұсынылып отырған «Қазақстан археологиясы» басылымында көрініс тапқан. Іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысады.