Афиша

«Ортеке балалар көзімен» республикалық онлайн көркемсурет байқауы

«Ортеке балалар көзімен» республикалық онлайн көркемсурет байқауы

«Ортеке балалар көзімен» республикалық онлайн көркемсурет байқауының ережелері мен қағидалары


I. Жалпы ережелер


1.1. «Ортеке балалар көзімен» атты республикалық көркемсурет  байқауын өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы аясында әзірленген;

1.2. Осы Қағидалар «Ортеке балалар көзімен» атты республикалық онлайн көркемсурет  байқауын (бұдан әрі –  Байқау) өткізу үшін негізгі құжат болып табылады және оның мақсаттары мен міндеттерін, қатысушылар құрамын, ұйымдастыру және өткізу мерзімдерін, бағалау өлшемшарттарын, конкурстық іріктеу және жеңімпаздарды марапаттау тәртібін айқындайды;

1.3. Байқаудың негізгі мақсаттары мен міндеттері:

- балалардың шығармашылық жұмыстары арқылы Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау, жаңғырту және насихаттау;

- Қазақстанның мәдени мұрасы туралы білімді қалыптастыру;

- балалардың «Ортеке» ұлттық биіне деген тұрақты қызығушылығын дамыту;

- дарынды қатысушыларды анықтау және қолдау;

- балалардың бойында Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық, елі мен халқына деген мақтаныш сезімін сіңіру;

- балалардың шығармашылық қабілетін дамыту;

- балалардың бойында эстетикалық мәдениет, қоршаған әлемге деген мейірім сезімдерін қалыптастыру;

1.4.  Байқауды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі (бұдан әрі – Ұйымдастырушы) ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясымен, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросымен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкімдіктерімен және материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық комитетімен ынтымақтастықта болып табылады.


II. Байқауды өткізудің шарттары мен тәртібі


2.1. Байқауды дайындау мен өткізуді Ұйымдастырушы жүзеге асырады;

2.2. Байқау туралы ереже ақпараттық интернет-ресурстарда, сондай-ақ республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады;

2.3. Байқау онлайн форматта өтеді;

2.4. Байқау аясында жеңімпаздардың үздік жұмыстарының онлайн көрмесі өткізіледі;

2.5. Байқауға жалпы білім беретін мектептер мен қосымша білім беру мекемелерінің оқушылары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының тәрбиеленушілері, балалар мен жастар ұйымдарының мүшелері қатыса алады;

2.6. Байқауға ұсынылатын шығармашылық жұмыстар келесі жас санаттары бойынша қарастырылады:

1) 1-санат: 5- сыныптан 8- сыныпқа дейін (қоса алғанда);

2) 2-санат: 9- сыныптан 11-сыныпқа дейін (қоса алғанда);

2.7. Ұйымдастырушы үміткерлерден Байқауға қатысу жөніндегі шығармашылық жұмыстары мен балалардың сауалнамасын 2022 жылғы 10 қыркүйек пен 25 қазан аралығында orteke_kz.2022@mail.ru электрондық поштасы арқылы қабылдайды. Шығармашылық жұмыстар мен сауалнамалар (Қосымша 1) бір электрондық хатта жіберілуі керек;

2.8. Шығармашылық жұмыстар сапалы цифрландырылуы, JPEG форматына және full HD (1920×1080) кеңейтілуіне сәйкес болуы тиіс;

2.9. 2022 жылғы 10 қараша күні қазылар алқасы байқау нәтижелерін жариялап, байқау жеңімпаздарының онлайн-көрмесін ұйымдастырады;

2.10. Қосымша ақпарат алу үшін Байқау Ұйымдастырушына келесі телефон арқылы хабарласуға болады:

 8 (7172) 919-035, 919-036 (ішкі. 624, 639, 648, 635, 652).


III. Шығармашылық жұмыстарды ресімдеуге қойылатын талаптар


3.1. Байқауға А3 форматты қағазда (қалың қағазда) орындалған шығармашылық жұмыстар қабылданады. Жұмыс мөлшері басқа модельдерде A3 форматынан аспауы керек, мысалы, тіктөртбұрыш немесе шаршы;

3.2. Шығармашылық жұмыстарды кез-келген техникада жасауға болады (тушь, май, гуашь, акварель, пастель, түрлі-түсті қарындаштар, қалам, компьютерлік графика, аралас техника және т. б.);

3.3. Байқауға ұсынылған шығармашылық жұмыстардың рецензиялары авторларға жіберілмейді;

3.4 Авторлардың бірлесіп орындаған шығармашылық жұмыстары қабылданбайды;

3.5. Шығармашылық жұмыстар ата-аналар мен мұғалімдердің көмегінсіз орындалуы керек;

3.6. Шығармашылық жұмыстар Байқау тақырыбына сай болуы керек;

3.7. Шығармашылық жұмыстар қосымша безендірусіз қабылданады;

3.8. Бір қатысушы ұсынатын шығармашылық жұмыстардың саны 1 (бір) данадан аспауы тиіс;

3.9. Осы талаптарға сәйкес келмейтін жұмыстар қарастырылмайды.


IV. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау критерийлері


4.1. Байқауға ұсынылған шығармашылық жұмыстар негізінде Байқау жеңімпаздарын қазылар алқасы анықтайды;

4.2. Қазылар алқасы байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау кезінде әр жас санаты үшін келесі критерийлерді басшылыққа алады:

- жұмыс мазмұнының байқау тақырыбына сәйкестігі;

- көркемдік шеберлік (суретті орындау техникасы мен сапасы);

- мазмұнының ерекшелігі;

- конкурстық жұмыстарды ресімдеуге қойылатын талаптарға сәйкестігі.

V. Қорытынды шығару және байқау қатысушыларын марапаттау

5.1. Қазылар алқасы ұйымдастырушылар шығармашылық жұмыстарды ұсынған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде әр жас тобындағы үздік жұмыстарды іріктейді және байқаудың қорытындысын шығарады;

5.2. Әр топта үш жүлделі орын бекітіледі;

5.3.Ұсынылған суреттерді бағалау осы Ереженің 4.2-тармақшасында көрсетілген критерийлер бойынша он ұпайлық жүйемен жүзеге асырылады. Шығармашылық жұмыстарды бағалау кезінде әр критерий бойынша 0-ден 10-ға дейін ұпай қойылады. Ең жоғарғы ұпай шығармашылық жұмыс критерийлерге толық сәйкес келген жағдайда беріледі. Сурет критерийге толық сәйкес келмеген жағдайда ұпай сәйкестік дәрежесіне қарай беріліп, әрбір критерий бойынша жинақталады. Ең көп ұпай жинаған үміткер Байқау жеңімпазы атанады;

5.4. Байқау үміткерлері бірдей ұпай жинаған жағдайда жеңімпазды қазылар алқасы ашық дауыс беруі арқылы анықтайды;

5.5. Қазылар алқасының Байқау қорытындылары туралы шешімі хаттамамен ресімделеді және Байқау жеңімпаздарын марапаттау үшін негіз болып табылады;

5.6. Жас топтарында 1- орын алған конкурс қатысушыларына байқау  жеңімпаздары атағы, сыйлықтар мен дипломдар беріледі. 2 және 3- орындарға ие болған Байқау қатысушыларына Байқау жүлдегерлері атағы беріледі, естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталады. Жүлделі орындарға ие болмаған Байқау қатысушыларына сертификаттар табысталады;

5.7. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі келесі мекенжайда өтеді: Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 54, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі. Эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда жүлдегерлерге марапаттар пошта арқылы жіберіледі;

5.8. Байқау жеңімпаздары марапаттау рәсіміне шығармашылық жұмыстарын әкеледі. Эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда шығармашылық жұмыстар пошта арқылы немесе басқа да тәсілдермен келесі мекенжайға жіберілуі тиіс: 010000, Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 54, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі;

5.9. Байқауға ұсынылған шығармашылық жұмыстар авторларға қайтарылмайды;

5.10. Ұйымдастырушы жеңімпаздардың үздік шығармашылық жұмыстарын халық назарына ұсынады, үздік 50 жұмыс www.nmrk.kz сайтында және @orteke_kz.2022 байқаудың Instagram-парақшасында жарияланатын болады.


VI. Байқауды ақпараттық қолдау


6.1. Байқауды ақпараттық қолдау мақсатында Ұйымдастырушы бұқаралық ақпарат құралдарына пресс-релиз және байқау туралы толық ақпаратты ұсынады.



«Ортеке балалар көзімен» атты мектеп оқушылары

арасындағы республикалық онлайн коркемсурет  байқауының

САУАЛНАМАСЫ


Аты-жөні (толық)

Туған күні

(күні, айы, жылы)

Шығармашылық жұмыстың атауы

Жұмысты орындау техникасы

Оқу орны

(елді мекеннің атауы, оқу орнының толық атауы)

                                                                     

Қатысушының байланыс телефоны, электрондық поштасы

                                        

Мекенжайы

(Облыс, қала/аудан, пошта индексі, көше, үй, пәтер)

Басшының немесе ата-ананың аты-жөні (толық)

Басшының немесе ата-ананың байланыс телефоны және электрондық поштасы