Афиша

Жарқын болашақтың Нұрлы бастауы

Жарқын болашақтың Нұрлы бастауы
2021 жылғы 2 желтоқсан күні сағат 15:00-де ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жарқын болашақтың Нұрлы бастауы» атты көрменің ашылуы өтеді. Мақсаты – Ұлт көшбасшысы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қызметі және өмір жолымен байланысты шынайы оқиғаларға негізделген көркемдік және деректік мәні бойынша бірегей жәдігер болып табылатын туындыны көрермен назарына ұсыну. Көрменің басты туындысы – белгілі қазақстандық және кеңестік суретші Н.Я. Третьяковтың 1960 жылы салынған және алғаш рет халық назарына ұсынылып отырған «В начале Большого пути» атты картинасы. Тарихи шығарманың сюжеті №8 Кәсіби-техникалық училищенің түлегі Н. Назарбаевтың 1960 жылы Алматы облысы Шамалған ауылындағы отбасы мүшелерімен және жерлестерімен кездесу сәтіне құрылған. Кездесуге болашақ Президенттің қол жеткізген жетістіктері туралы баяндалған арнайы мақаланың «Дзержинецъ» газетінде жарық көруі себеп болды. Аталған картинаның ерекшелігі ауылдастардың қуанышқа толы басқосуын бейнелеген суретшінің басты рөлдегі жас жігіттің келбеті мен мінезінен көрнекті қоғам қайраткеріне тән болмысын байқауында. Кейін бұл тарихи тұлғаның мол ерік-жігері мен кемеңгерлік қасиеттерінің арқасында Қазақстан әлемдік қауымдастыққа танылып, әрі оның тең құқылы мүшесі атанып, тәуелсіз демократиялық мемлекетке айналды. Туындының авторы – танымал қазақстандық және кеңестік суретші, графика шебері, кескіндемеші, монументалист Н. Третьяков (1926-1989). Ол 1947 жылы А. Черкасский, П. Зальцман, А. Бортников және Л. Леонтьев секілді белгілі қылқалам шеберлерінің жетекшілігімен Н. Гоголь атындағы Алматы театр-көркемсурет училищесінде оқуын бастады. 1952 жылы училищені үздік бітіріп, И.Е. Репин атындағы Ленинградтың кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтында көркемдік білімін жалғастыруға жолдама алды. 1958 жылдан бастап КСРО Суретшілер одағының мүшесі ретінде сан мәрте Мәскеуде өткен Қазақстан өнерінің онкүндігіне қатысты. Сондай-ақ, РКФСР монументалды көркемдік кеңесінің мүшесі болды. Н. Третьяковтың «В начале Большого пути» атты туындысы ұстаздары А. Черкасский мен Л. Леонтьевтің бейнелеу стилінің ықпалын көрсететін «импрессионистік» сипатта жазылған. ҚР Ұлттық музейінде өтетін бұл көрмеге Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың фотоқұжаттары да қойылады. Іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысады.