Қазақтың дәстүрлі ою-өрнек өнері
Ою-өрнек – қазақтың дәстүрлі мәдениетінің ерекше өнері, жалпы бір құбылыс ретінде символдық түрде адамның ішкі жан дүниесін және оны қоршаған ортамен байланысын бейнелейді. Ою-өрнектер дизайнда, композицияда және түсте үйлесімді, ырғақты реттелген элементтердің үлгілері ретінде көрініс табады. Қазақтың ұлттық ою-өрнегі халықтың әсемпаздық мәдениетінде маңызды орын алады.
Қазақ ою-өрнегінің кең тараған түрлері: 1) зооморфтық – халық өмірінде маңызы зор жануарлар – жылқы, қошқар, түйе, құстардың стильдендірілген бейнелері. Бұл «мүйіз», «түйетабан», «құстаңдай», «қазмойын» өрнектері. 2) өсімдік сипатты – гүлдердің, қызғалдақтардың, жапырақтардың, ағаштардың, бұтақтардың стильдендірілген бейнелері. Бұндай кестелі өрнектермен қазақтар көбінесе киімді безендірген. 3) геометриялық, қарапайым фигуралар – үшбұрыштар, шаршылар, сүйірбұрыштар, айқыштар, сопақшалар, иректерден тұрады. Оларға «қос дөңгелек», «баған өрнек», «ілмек», «тұмарша» өрнектері жатады. Мұндай элементтер ең көне, олар тоқылған кілемдерді безендіру үшін қолданылған, олар әлі күнге дейін зергерлік әшекейлерде қолданылады. 4) күнді, жұлдыздарды, жерді бейнелейтін космогониялық белгілер («жұлдыз», «шұғыла», «төртқұлақ», «бітпес», «шимай»). Қазақтар кілемдердің жиектерін көп жағдайда шексіздік элементімен безендірген – «шет ою».