Домбыра жасау өнері

Қазақтың ұлттық аспаптарының ішінде ең көп тарағандарының бірі – домбыра. Домбыраның қазақ музыка өнерінде алатын орны ерекше. Ол ішекті аспапқа жататын қазақ халқының аспабы. Домбыра аспабын ерте заманнан халық арасынан шыққан шеберлер жасап, бізге мұра етіп қалдырды. Домбыраның жалпы ұзындығы - 640 мм, оның шанақ бөлігінің ұзындығы - 260 мм, ал мойнының ұзындығы - 320 мм. Ол пернелерінің атауларымен қоса алғанда 35 бөліктен тұрады. Домбыраның көптеген түрлері бар. Олар екі ішекті, үш ішекті, терең шанақты, кең шанақты, екі жақты, қоңыр үнді. Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). Домбыра тиегі үш түрлі болады (шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек). Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.