ҚР Ұлттық музейі мен Қытайдың Ұлттық Жібек музейі бірлескен зертхана құрады

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қытайдың Ұлттық Жібек музейінің өкілі Ян Хайлян мен ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Әлібек Күзербаев еліміздегі жібек материалдарын бірлесіп зерттеу жөніндегі келісімге қол қойды.

Келісім аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ішінде қытай тарапымен бірлесіп жұмыс зертханасын құру жоспарланып отыр.

Келісімнің басты мақсаты – еліміздің аумағынан табылған жібек материалдарын шетелдік әріптестермен бірлесіп зерттеу, консервациялау және реставрациялау, сондай-ақ мамандар арасында тәжірибе алмасу.

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Әлібек Күзербаевтың айтуынша, бұл бастама екі ел мамандары үшін де маңызды мүмкіндік болмақ.

«Бізде жібек материалынан тігілген көне, әрі құнды жәдігерлер баршылық. Алайда оларды толыққанды зерттеу үшін білікті мамандар мен арнайы жабдықтар жетіспейді. Енді қытай тарапының арнайы құрал-жабдықтарын пайдалана отырып Қазақстанда осы бағытта ауқымды ғылыми-зерттеу және консервациялау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндіктер бар. Қытайдың білікті мамандары, зерттеу тәжірибесі әрі жабдықтарының көмегімен өзіміздің бірегей мәдени мұрамызды жан-жақты зерттеп, жаңғыртуымыз қажет», – деді Әлібек Күзербаев.