Талғамы биік реставратор

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде белгілі суретші-реставратор, қолөнер шебері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тұрсынкүл Жайлаубаеваның кәсіби және шығармашылық жолына арналған «Талғамы биік реставратор» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың шебердің 85 жылдық мерейтойына арналған құттықтау хаты оқылды. Құттықтау хатта Тұрсынкүл Жайлаубаеваның реставрация саласына сіңірген елеулі еңбегі атап өтіліп, мерейтой иесіне ізгі тілектер білдірілді.

Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева шебердің 1994 жылы Есік қаласынан табылған әйгілі «Алтын адамның» екінші реконструкциясын жасау жұмысына қатысуы, сондай-ақ көне дәуірлер мен кейінгі тарихи кезеңдерге тән ұлттық киім үлгілерін қайта жаңғыртуы оның кәсіби білімі мен ұлттық өнерге деген жауапкершілігінің айқын көрінісі екенін атап өтті.

Дөңгелек үстелге мәдениет және өнер саласының қайраткерлері мен мамандары қатысып, баяндамалар жасады. Сонымен қатар, реставрация саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Өз кезегінде Тұрсынкүл Жайлаубаева реставрация саласының мамандарына өз кәсіби тәжірибесі туралы егжей-тегжей айтып, құнды ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Бүгінде шебердің қолынан қайта жаңғырған құнды жәдігерлер Қазақстандағы және шетелдегі бірқатар музейдің қорларында сақтаулы. Реставратор реконструкциялаған Абылай ханның қамқа шапаны, Қаз дауысты Қазыбек бидің зерлі шапаны мен басқа да тарихи жәдігерлер Ұлттық музей төрінен де орын алған.

Ұлттық мұраны ұлықтап, тарихи жәдігерлерді ұрпаққа аманат ету жолындағы Тұрсынкүл Жайлаубаеваның еңбегі – реставрация саласының дамуына қосылған зор үлес.