Ұлттық музейде поляктардың Қазақстанға жер аударылғанына 90 жыл толуына орай «Қазақстандағы поляктар: тарихы мен жады» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы этникалық поляктардың Қазақстан аумағына жер аударылуының себептері және барысы, олардың жаңа ортадағы өмірі, тарихи тағдырлары мен ұрпақ жадындағы орны талқыланды. Сонымен қатар, қазіргі Қазақстан-Польша қатынастары және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективалары қарастырылды.
Шарада Ұлттық музей директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева, Польша Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда, Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейі директорының орынбасары Януш Маршалец, Польша-Қазақстан тарихи комиссиясының хатшысы Дмитрий Панто мен тағы да басқа қатысушылар сөз сөйледі.
Дөңгелек үстелге шетелдік және отандық ғалымдар, тарихшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері, Ұлттық музей басшылығы мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Бұған қоса, дөңгелек үстел аясында «Жер аударылғандар. Қазақстанға жер аударылған поляктар мен олардың отбасыларының тағдыры» атты шағын көрме ұсынылды.
Көрменің ашылу салтанатында Польшаның Қазақстандағы Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Михаил Лабенда поляктардың Қазақстанға жер аударылуы жайлы айтып берді.
«Осы қайғылы тарихтың біз ерекше бағалайтын тағы бір қыры бар. Ол – қазақ халқының жер аударылғандарға көрсеткен көмегі. Өздері де ашаршылық және қуғын-сүргінді бастан өткерген қазақ отбасылары келгендермен қолындағы барын бөлісті. Тамақ, киім, баспана беріп, қолдау көрсетті. Бұл ынтымақтастық поляктардың тарихи жадында маңызды орын алады. Ортақ тарихымызды бірге есте сақтау халықтарымызды одан әрі жақындастыра түседі», – деді дипломат.
Экспозицияда жер аударылған поляктардың жеке тектік құжаттары, естеліктері, жазбалары, фотосуреттері, саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы анықтамалар көрсетілді. Көрме 20 қыркүйекке дейін жалғасады.
Іс-шараны Астанадағы Польша Елшілігі, Ұлттық музей, Екінші дүниежүзілік соғыс музейі, Сібір жады музейі мен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесіп ұйымдастырды.