БАҚ қызметкерлері күніне орай журналистерге баспасөз туры ұйымдастырылды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Ұлттық музейде арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Оның аясында журналистер алғаш рет музейдің қор сақтау бөлімі, реставрация және кескіндеме, графика, қағаз бұйымдарын қалпына келтіру шеберханаларының жұмысымен танысты.

Іс-шараға «Хабар» агенттігі, 24KZ, «Еуразия» бірінші арнасы, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы, «Егемен Қазақстан» газеті мен өзге де жетекші БАҚ өкілдері қатысты.

Бұл күн журналистер үшін ерекше әсерге толы болды. Өйткені олар бұған дейін тек телеэкраннан көріп жүрген музейдің көрмелерімен ғана емес, тарихи мұраны сақтап, қалпына келтіру жолында еңбек етіп жүрген мамандардың күнделікті жұмысымен де жақын танысты.

Баспасөз туры барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері музейдегі кәдесыйлар шеберханасын аралады. Мұнда елордадағы өзге сауда орындарынан таба бермейтін ерекше бұйымдар дайындалады. Олардың қатарында «Алтын адам», «Тақсай ханшайымы», «Тобыл мүсіні» әрі басқа да тарихи жәдігерлердің дәлме-дәл көшірмелері бар. Бұл туындылардың барлығы түпнұсқа экспонаттардың негізінде жасалады. Мамандар шеберханада еліміздің тарихын дәріптейтін бұйымдарды әзірлеп, оларды шетелдік делегациялар және елорда қонақтарына тарту ретінде ұсынады.

Одан кейін қатысушылар халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын «Керемет Жібек: Қытайдың заманауи жібек өнері» көрмесінің әзірлік жұмыстарымен танысты. Аталған көрме 2 шілде күні сағат 16:00-де өз жұмысын бастайды. Көрмеде жібекке кестеленген қолөнер туындылары, инемен орындалған бірегей жұмыстар мен табиғи жібектен тігілген Қытайдың ұлттық киімдері көпшілік назарына ұсынылады.

Бұдан соң журналистер қор сақтау бөліміне барып, ағаштан жасалған көне бұйымдарды әрі халқымыздың көрнекті тұлғалары пайдаланған тарихи жәдігерлердің түпнұсқаларын тамашалады. Олардың қатарында қазақтың әйгілі күйшісі Дина Нұрпейісованың домбырасы және Мәриям Жәгорқызы – қазақтың атақты «Дудар-ай» әнінің авторы, халық өнерпазы мен ҚазКСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткерінің жеке пайдаланған айнасы да болды. Сирек кездесетін экспонаттарды жақыннан көріп, олардың тарихымен танысу журналистер үшін ерекше әсер қалдырды.

Баспасөз турының келесі кезеңінде қатысушылар реставрация шеберханасының жұмысын бақылады. Мамандар әрбір жәдігерді қалпына келтірудің күрделі әрі жауапты үдерісін көрсетіп, көне мұраны сақтаудың қыр-сырымен бөлісті.

Іс-шара соңында БАҚ өкілдеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының атынан Алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталып, ақ дастархан жайылды.

Журналистер музейдің тыныс-тіршілігімен жақын танысып, тарихи-мәдени мұраны сақтау жолындағы ауқымды жұмыстарға куә болды.

Аталған баспасөз турының негізгі мақсаты – Ұлттық музейдің қызметін кеңінен насихаттау, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу мен бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара ынтымақтастықты нығайту.

Айта кетейік, алдағы уақытта ҚР Ұлттық музейі және БАҚ өкілдері арасында өзара әріптестікті дамытуға бағытталған меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Бұл бастама мәдени байланыстарды одан әрі нығайтып, бірлескен ақпараттық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.