Ұлттық музей Әзірбайжанда өткен Түркі әлемі апталығына қатысты

Әзірбайжан Республикасының Баку қаласында Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығына арналған Түркі әлемі апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аталған халықаралық іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры, тарихшы Берік Әбдіғалиұлы қатысты.

Осыдан бір ғасыр бұрын өткен Бірінші Түркология құрылтайы түркітану ғылымының дамуына зор серпін берген тарихи белес болса, бүгінгі мерейтойлық басқосу сол тағылымды дәстүрдің заңды жалғасы ретінде ұйымдастырылды.

Түркі халықтарының ортақ тарихын, мәдениеті мен рухани құндылықтарын сақтау және дәріптеуге бағытталған мұндай бастамалар бауырлас елдердің өзара байланысын одан әрі нығайтып, ғылым мен мәдениет саласындағы жаңа халықаралық жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау хаты оқылды.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын сақтау, түркітану ғылымын дамыту және бауырлас елдердің рухани байланысын нығайтудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Президенттің атап өтуінше, Түркі әлемі апталығы – түркі халықтарының ғылыми, мәдени әрі гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал ететін маңызды халықаралық алаң. Мұндай кездесулер ортақ тарихи мұраны кеңінен насихаттап, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі әлемі апталығының жұмысына табыс тілеп, іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.