«Қазақстан музейлерін цифрландыру және дамыту» халықаралық семинары ашылды

ҚР Ұлттық музейінде «Қазақстан Республикасы музейлерін цифрландыру және дамыту» тақырыбында халықаралық семинардың ашылуы өтті.

Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі мен Түрік Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (ТІКА) қолдауымен ұйымдастырылды.

Семинар барысында музей саласындағы цифрлық трансформация, заманауи технологияларды енгізу әрі халықаралық тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Пленарлық отырысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Цифрлық трансформация және жобалық менеджмент департаментінің директоры Ержан Даулетұлы Тоқтағұлов жүргізді.

Аталған шараға Түркияның музей ісі саласындағы жетекші сарапшылары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар музей қорларын цифрландыру, коллекцияларды басқару, виртуалды музейлерді дамыту мен келушілер тәжірибесін жетілдіру бағытындағы баяндамаларды тыңдады.

Семинарға еліміздің республикалық және өңірлік музейлерінен келген 100-ге жуық маман қатысты. Бағдарлама аясында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға әрі музей саласына инновациялық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылды. Іс-шара музей мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға және мәдени мұраны сақтаудың заманауи тәсілдерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.