Ұлттық музей Моңғолияда өткен Еуразия елдері музейлерінің форумына қатысты

Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында Шыңғыс хан Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен 2026 жылдың 15-20 маусым аралығында «Еуразиядағы ұлы алмасу: болашақ мүмкіндіктер мен көпжақты ынтымақтастық» атты Еуразия елдері музейлерінің І халықаралық форумы өтті.

Аталған форум Еуразия кеңістігіндегі музейлер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, мәдени мұраны сақтау және насихаттау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы баяндама жасап, Қазақстан музейлерінің заманауи даму бағыттарын, мәдени мұраны үйлестіру, зерттеу, сақтау әрі көпшілікке таныту саласындағы тәжірибесін таныстырды. Сондай-ақ, ол еліміздің басты музейінің ғылыми-зерттеу, реставрациялық, экспозициялық және халықаралық қызметіне жан-жақты тоқталды.

Іс-шара басталар алдында Берік Әбдіғалиұлы Шыңғыс хан Ұлттық музейінің директоры, академик Сампилдондов Чулуунмен әрі Орталық Азия елдері музейлерінің басшыларымен кездесіп, музейаралық ынтымақтастықты кеңейту, ғылыми байланыстарды дамыту мен бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Форум жұмысына Еуразияның 25 елінен келген музей директорлары, ғалымдар мен сала мамандары қатысты. Қатысушылар музей менеджменті, мәдени мұраны сақтау, ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық көрмелер ұйымдастыру салаларындағы озық тәжірибелерімен бөлісіп, болашақтағы бірлескен жобалардың перспективаларын талқылады.

Бұл шараның негізгі мақсаты – Еуразия музейлері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, кәсіби тәжірибе алмасу, ғылыми әрі көрме қызметін дамыту, бұған қоса халықаралық мәдени жобаларды іске асырудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру. Аталған бастама Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Іссапар барысында Берік Әбдіғалиұлы Моңғолия Президентінің тапсырмасымен салынып жатқан «Ұлы хандар саябағын» аралап көрді. Сонымен қатар, Моңғолия Ұлттық музейінің директоры Отгонсурен Дугансуренмен және Моңғолияның Жаратылыстану тарихы музейінің басшысы Мәншүк Нурамхаанмен кездесіп, музейаралық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен көрмелер мен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Форумның соңғы күні қатысушылар Шыңғыс хан империясының астанасы Қарақорым қаласы маңындағы жаңа саябақта өткен тал егу рәсіміне қатысты. Бұл іс-шара аясында ҚР Ұлттық музейінің атынан шырша көшеті отырғызылып, елдер арасындағы мәдени байланыстар әрі достықтың символына айналды.

Моңғолияда өткен бұл халықаралық форум Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің халықаралық беделін нығайтып, әлемдік музей қауымдастығымен байланысын кеңейтуге жаңа мүмкіндік ашты. Бұнымен бірге, шара Қазақстанның бай тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға және болашақта бірлескен ғылыми, көрме әрі зерттеу жобаларын жүзеге асыруға берік негіз қалады.