Қазақстан мен Қытай музей саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастады

Қазақстан мен Қытай арасында музей саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы Қытайдың Бейжің қаласында өткен IV Жаһандық музей директорлары форумына қатысты.

Форумда ол музейлер арасындағы халықаралық ынтымақтастық пен мәдени дипломатияның маңызын атап өтті. Қазақстан және Қытай музейлері арасындағы әріптестіктің соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілгені айтылып, қатысушыларға Қытайда ұйымдастырылған «Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі әрі басқа да халықаралық жобалар таныстырылды. Сонымен қатар, Астанада «Керемет жібек –заманауи қытай жібек өнері» көрмесін өткізу жоспарланып отырғаны хабарланды.

Аталған форумға Қазақстан делегациясы құрамында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қытайдағы Қазақстан мәдени орталығының директоры Ботагөз Сырғабаева, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Сержан Саров, ҚР-ның Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Дузбаева Қаламқас қатысты.

Сапар барысында археологиялық әрі ғылыми-зерттеу бағытындағы бірлескен жобалар талқыланды. Форумда музей қорларын цифрландыру мен мамандардың академиялық ұтқырлығын дамыту мәселелері көтерілді. 

Сондай-ақ, Қытай Ұлттық музейі бастамасымен «Бір белдеу, бір жол» бұлтты музейі жобасы таныстырылды. Жоба әлем музейлерінің қорларын ортақ цифрлық платформаға біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл бастамалар Қазақстан және Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жол ашпақ.

Халықаралық цифрлық платформаның таныстырылымына ҚР, Қытай, Португалия мен басқа да елдердің музей басшылары қатысты. Платформаның ресми іске қосылуы 2026 жылдың соңына жоспарлаған.

Бұған қоса, бүгінде Қазақстанда еліміздің әр өңіріндегі ондаған мың жәдігерді біріктіретін бірыңғай E-museum ұлттық порталы жұмыс істейді.