Жастар дәстүрлі садақ ату өнерінің қыр-сырын меңгерді

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Мерген» атты дәстүрлі садақ ату үйірмесінің кезекті сабағы өткізілді. Сабақты Қазақстан дәстүрлі садақ ату федерациясының жаттықтырушысы Ерсұлтан Зейнулла жүргізді.

Сабақтың негізгі мақсаты – қатысушыларға дәстүрлі садақ ату өнерінің қыр-сырын тереңірек меңгерту, ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттыру және мергендік қабілеттерін дамыту болды.

Іс-шара барысында жаттықтырушы қауіпсіздік техникасына ерекше назар аударып, садақпен жұмыс істеудің негізгі ережелерін толық түсіндірді.

Теориялық бөлімде қатысушыларға садақ ату тарихы, оның қазақ халқының мәдениетіндегі орны, сондай-ақ садақтың құрылысы мен жебенің түрлері туралы ақпарат берілді.

Практикалық бөлімде үйірме мүшелері садақты дұрыс ұстау, дене тұрысын сақтау, жебені дұрыс салу әрі нысананы дәл көздеу әдістерін үйренді. Сонымен қатар, жаттықтырушы әр қатысушының техникасына жеке-жеке тоқталып, қателіктерін түзетіп, кәсіби кеңестер берді. Қатысушылар белгіленген қашықтықтан бірнеше рет ату жаттығуларын орындап, өз нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік алды.

Аталған шара ұлттық спорт түрін дамытуға, жас ұрпақтың бойында жауапкершілік, шыдамдылық және дәлдік қасиеттерін қалыптастыруға зор үлес қосты.