Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Дәстүрлі садақ ату федерациясымен өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты әрі Қазақстанның дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы бастап келген делегацияны Ұлттық музей ұжымы қарсы алды. Бұл келісім – ата дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған шаралардың бірі.
Музей директоры Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, бұл бастама ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны заманауи ұрпақ санасына терең сіңіруге мүмкіндік береді.
Ынтымақтастық аясындағы ең ауқымды жобалардың бірі – дәстүрлі садақ атудың тарихына арналған іргелі еңбек. Болашақ басылымда садақ өнерінің тас дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі даму эволюциясы, сирек деректер мен тарихи жәдігерлер кеңінен қамтылып, ұлттық спорттың бай мұрасы жаңа қырынан зерделенеді.
Жуырда музей қабырғасында балаларға арналған дәстүрлі садақ ату үйірмесі ашылды. Бұл – бастама өскелең буынның бойында батырлық рух және ата дәстүрге деген құрметті қалыптастырудағы маңызды бастама.
Шарада Кореяда өткен дәстүрлі садақ атудан тұңғыш әлем кубогында топ жарған Қазақстан құрамасының жеңіс кубогы музей қорына табысталды. Бұл болашақта музей келушілеріне ұсынылып, құнды жәдігер ретінде өз орнын табады.
ҚР Ұлттық музейі алдағы уақытта да осындай игі бастамаларға ұйытқы болып, ұлттық рух пен рухани мұрамызды дәріптеу жолындағы қызметті жалғастыра бермек.