Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өткен «Қазақстан – Франция 2026» музеология форумы өз жұмысын қорытындылады. Форум IV Халықаралық Қазақстан музей конгресінің жалғасы ретінде ұйымдастырылып, Қазақстан, АҚШ, Франция, Орталық Азия және түркі әлемінен келген музей мамандары мен сарапшыларын бір алаңға жинады.
Іс-шара барысында тарихи-мәдени мұраны сақтау, музей ісін дамыту, цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер мәселелері талқыланды. «Цифрлық музей: инновациялық шешімдер және тәжірибе» тақырыбында халықаралық мамандар баяндама жасап, 3D экскурсиялар, жасанды интеллект, музей қорларын цифрландыру әрі реставрация саласындағы жаңа тәсілдер таныстырылды.
Форум аясында қазақтың дәстүрлі киіз басу өнеріне арналған арнайы шеберлік сабағы өтіп, қатысушылар ұлттық қолөнердің әдіс-тәсілдерімен тәжірибе жүзінде танысты. Сондай-ақ, материалдық емес мәдени мұраны сақтау, жүйелеу әрі халықаралық деңгейде насихаттау мәселелері көтерілді.
Осылайша, «Қазақстан – Франция 2026» музеология форумы халықаралық тәжірибе алмасуды нығайтып, музей ісі мен мәдени мұраны сақтау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылаған маңызды мәдени алаң ретінде өз жұмысын табысты аяқтады.