Музей түні: келушілер музей кеңістігін жаңа форматта таныды

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясы жоғары деңгейде өтті.

Биылғы акция өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты, тарих пен заманауи мәдениетті тоғыстырған ерекше форматымен есте қалды. ҚР Ұлттық музейі кеңістігі бір күнге үлкен мәдени алаңға айналып, мыңдаған келушіге таным мен шығармашылыққа толы атмосфера сыйлады.

Акцияның ресми ашылуында Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов музей қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудағы маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар, ол «Музей түні» секілді ауқымды мәдени шаралардың қоғамның музейлер және ел тарихына деген қызығушылығын арттырудағы маңызын ерекше атады.

Кеш барысында қонақтарға театрландырылған экскурсиялар, интерактивті бағдарламалар мен квест сабақтары ұсынылып, келушілер тарихи кезеңдер атмосферасына саяхат жасады. Сонымен қатар, кішкентай келушілерге арналған дәстүрлі «Балдырған гид» жобасы ұйымдастырылып, бүлдіршіндер музей залдары бойынша экскурсия жүргізді.

Кештің ерекше жобаларының бірі – «Жұлдызды гид» бастамасы болды. Танымал тұлғалар және қоғам қайраткерлері музей залдарында экскурсия өткізіп, келушілерге ұлттық мұраны жаңа қырынан таныстырды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен өнер мен технологияны ұштастырған бірегей шоу ұсынылды. Гуманоид-робот, бионикалық робот-иттің қатысуымен өткен көрініс және скрипкашы Назым Мұстафинаның әсерлі орындауы көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Музей түні аясында концерттік бағдарламалар, DJ-сет, ғылыми дәрістер, шеберлік сабақтары, қолөнершілер жәрмеңкесі мен музей қызметкерлерінің авторлық экскурсиялары ұйымдастырылып, келушілер музей кеңістігін жаңа форматта таныды.

Сондай-ақ, қонақтар музей залдарындағы отандық және халықаралық көрмелерді тамашалап, өнер мен мәдениеттің сан қырлы әлеміне саяхат жасады.

«Музей түні – 2026» акциясы музейдің руханият, мәдениет, ғылым және шығармашылық тоғысқан заманауи кеңістік екенін тағы бір мәрте айқындады.