Музей түні – 2026

Бүгін сағат 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясы өтеді.

Өткен мен бүгіннің, дәстүр мен жаңашылдықтың, тарих пен заманауи мәдениеттің тоғысынан құралған бұл кеш мазмұны және формасы жағынан ерекше әрі жаңашыл бағдарламасымен ерекшеленеді. Музей кеңістігі түрлі интерактивтер, танымдық экскурсиялар, креативті шеберлік сабақтары, ғылыми дәрістер, көркем перформанстар, әр жастағы аудиторияға арналған мәдени шаралармен және концерттік қойылымдармен толығады.

«Музей түні» акциясы ҚР Ұлттық музейінде дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Алғашқы жылдардан-ақ мыңдаған келушінің ықыласына ие болған жоба бүгінде еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. 2015 жылы өткен алғашқы шараға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет өткізіліп, 39 мыңнан аса адам келді. Оның алғашқысы Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылса, екіншісі Халықаралық музейлер күніне арналды. 2018 жылы 37 мыңнан астам адам, ал 2019 жылы 42 мыңнан аса адам келді. Кейінгі жылдары елімізде орын алған карантин жағдайына байланысты аталған шара музейдің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы онлайн форматта жүзеге асты. 2023 жылы шараға келушілер саны 48 мыңға жетіп, 2024-2025 жылдары 30 мыңнан асты.