«Қазығұрт туралы аңыз – Кеме» көрмесі өтіп жатыр

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Түркістан облысындағы бейнелеу өнері мектебінің негізін қалаушы, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, көрнекті қылқалам шебері Ғани Иляевтің 110 жылдығына арналған «Қазығұрт туралы аңыз – КЕМЕ» атты Түркістан облысы суретшілерінің топтық шығармашылық көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Көрменің басты мақсаты – қазақ бейнелеу өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ғ.Иляевтің бай шығармашылық мұрасын ұлықтау, сондай-ақ Қазығұрттың тарихи-мәдени болмысын өнер тілі арқылы кеңінен насихаттау. Экспозиция аясында Түркістан өңірі суретшілерінің Қазығұрт аңызы мен ұлттық руханиятты арқау еткен көркем туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Салтанатты шара барысында ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева, белгілі қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахман, суретші Сұлтан Ғаниұлы, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Бергінбай және Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Әбіш Дулат сөз сөйлеп, көрменің рухани-мәдени маңызына ерекше тоқталды.

Шара соңында қонақтар көрмені тамашалап, қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы Қазығұрт туралы көне аңыздың көркем бейнесімен танысты. Көрме ұлттық өнердің сабақтастығын дәріптеп, келушілерге ерекше рухани әсер сыйлады.

«Қазығұрт туралы аңыз – КЕМЕ» көрмесі өз келушілерін 25 маусымға дейін күтеді.