«Ұлы дала. Тарих. Гравюралар» көрмесі ұйымдастырылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің 7-ші қабатында «Ұлы дала. Тарих. Гравюралар» көрмесі ашылды.

XIX ғасырдағы гравюралар көрмесінің серіктесі ретінде «BonArt» аукцион үйі (Мадрид, Киев, Алматы) танылып, орыс, неміс, италиялық және француз суретші-гравюрашыларының туындыларынан іріктелген 100-ге жуық жұмысты ұсынды.

Көрме гравюра жанрлары мен сюжеттерінің барлық сән-салтанатын қамтиды: мұнда тұрмыстық портреттерден бастап, этнографиялық экспедициялардың жолжазбалары түріндегі бірегей тарихи құжаттарға дейін, сондай-ақ шайқас көріністерінен бастап, осыдан 250 жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген қазақтардың күнделікті тіршілігін бейнелейтін аллегориялық композицияларға дейін ұсынылған.

ҚР Ұлттық музейі әрі оның серіктестері гравюраның графикалық тілі арқылы Ұлы даланың тарихи бейнелері және нышандары, екі жарым ғасыр бұрынғы қазақ қоғамының болмысы мен дүниетанымы, заттық әрі рухани әлемі туралы сыр шертеді.