Мүгедектігі бар адамдарды би арқылы оңалту: Қазақстан мен Ресей тәжірибесі

Ұлттық музейде «Мейірім» балалар шығармашылығының VIII инклюзивті музейлік фестивалінің қорытынды іс-шарасы – «Инклюзивті би және мүгедектігі бар адамдарды би арқылы оңалту: Қазақстан мен Ресей тәжірибесі» атты дөңгелек үстелі өтті.

Кездесудің басты спикері ретінде «Inclusive Dance» қозғалысының негізін қалаушы, педагогика ғылымдарының кандидаты (Ресей) Леонид Тарасов сөз сөйлеп, инклюзивті би бағдарламаларын енгізудегі көпжылдық тәжірибесімен бөлісті.

Дөңгелек үстел жұмысына «Нұрлы жүрек», «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, «Солнечный мир» қоғамдық қоры, «Ерекше балалардың ата-аналар одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы, №65 мектеп-гимназиясы, Астана қаласы әкімдігінің №1 әрі №2 арнайы мектептері, «Clover Foundation», «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорлары, «КунТоми» инклюзивті модель және театр академиясы, «Bolashak», «Special Hearts» инклюзивті сән театрлары, т.б. Астана қаласы ұйымдарының хореографтары қатысты.

Сондай-ақ, Қарағанды қаласынан «Батыл жүрек», Ақтау қаласынан «Жарқын DAMU» инклюзивті ұжымдарының хореографтары, Ресей ынтымақтастық агенттігінің өкілдері мен «BI-JULDYZAI» қоры жобаларының жетекшісі қатысты.

Жиында инклюзивті хореографияны сахналау, Астанадағы күндізгі білім беру модуліне қатысу мәселелері, инклюзивті хореографиядағы көркемдік әрі педагогикалық тәсілдер, бұған қоса инклюзия арқылы шығармашылық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстел тәжірибе алмасуға, кәсіби диалог жүргізуге және инклюзивті бағытты дамытуға арналған жаңа тәсілдерді қалыптастыруға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.

Би тек өнер ғана емес, адамдарды біріктіріп, сенім мен үміт сыйлайтын ерекше тіл болғандықтан, инклюзивті би арқылы оңалту мәселелерін талқылау аса өзекті болды. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар инклюзивті бағытты дамыту бойынша өзара тәжірибе алмасып, пікір бөлісті.