Ұлттық музей мен Ресей этнографиялық музейінің директорлары меморандумға қол қойды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы мен Ресей этнографиялық музейінің директоры Юлия Купина ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев, сондай-ақ екі елдің шығармашылық әрі ғылыми зиялы қауымы өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел аясында өтті.

Қол қойылған меморандум 23-26 сәуір аралығында өтіп жатқан Ресейдің Қазақстандағы мәдениет күндері аясындағы маңызды оқиғалардың бірі болып саналады.

«Ортақ мәдени мұра мен ондаған жылдар бойы бір-бірін жақсы білетін сарапшылар қауымдастығының үйлесімі – бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік беретін берік негіз. Біз барлық қолжетімді құралдарды қолдана отырып, соның ішінде цифрландыру, каталог шығару және көрмелер арқылы коллекцияларды олардың шыққан жерлерінде таныстыруға ұмтыламыз. Ұлттық музей тек мәдени мұраны сақтаушы ғана емес, сонымен қатар жоғары деңгейлі сарапшылар орталығы болғандықтан, біз үшін ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор», – деді Ю. Купина.

Меморандумға қол қою – 2025 жылы музей директоры Б. Әбдіғалиұлының Мәскеу әрі Санкт-Петербург музейлеріне жасаған жұмыс сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы.

Жуырда тараптар каталогтар шығаруды қолға алмақ. Онда ғылыми және әдістемелік бағыттарды, сондай-ақ суретшілердің, реставраторлардың әрі музей саласының өзге де мамандарының еңбегі қамтылады.