Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Гиперреализм – мүсін өнеріндегі жаңа бағыт» тақырыбында Қазақстандағы тұңғыш гиперреалист Айдос Есмағамбетовпен кездесу өтті.
Кездесуге Заң-экономика коледжі, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті мен университет жанындағы колледждің студенттері және Д. Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.
Кездесу барысында мүсінші гиперреализм бағытындағы қалыптасу мен даму кезеңдері, бұл бағыттың өнер кеңістігіндегі орны, шет елдік мамандардан тәжірибе жинақтаудан өту жолы, сондай-ақ өзінің авторлық жұмыстарын жасау барысындағы еңбектері жайлы ақпараттармен бөлісті.
Қатысушылар мүсіншінің бұл саладағы әдіс-тәсілдері туралы тың мәлімет алып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Арнайы тапсырыспен жасаған робот костюмі көпшілік назарына ұсынылып, келушілердің қызығушылығын тудырды. Қатысушылар тарапынан болашақта мүсіншінің шәкірттері көбейіп, мүсіндер музейінің ашылуына деген тілектерін білдірді.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылған кездесу, жастарға адалдық және парасаттың мәнін терең сезінуге жетеледі. Жауапкершілікті серік еткен саналы азамат болуға, еңбектің қадірін түсініп, маңдай термен жеткен табыстың ғана шынайы құндылық екенін ұғындырды.