Оқушылар ғарышкерлердің тағамдары және тұтынған заттарымен танысты

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімі өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуына ерекше көңіл бөле отырып, «Шаңырақ» жобасы аясында қазақ ғарышкерлері Талғат Мұсабаевтың туғанына 75 жыл толуына әрі Тоқтар Әубәкіровтың 80 жылдығына арналған «Батылдық және арман: қазақ ғарышкерлерінің ерлік жолы» атты музейлік сабағын өткізді.

Сабаққа Республикалық физика-математика мектебінің 7 сынып оқушылары (25 бала) қатысты.

12 сәуір – адамзаттың ғарышты игеру жолындағы алғашқы қадамы жасалған тарихи күн. Бұл – ғылым мен батылдықтың жеңісі. Ал ғарыш тақырыбы астрономия ғылым саласымен тікелей байланысты. Астрономиялық зерттеулер бүгінде жаңа технологиялардың арқасында жаңа биіктерге жетіп, ғарыш туралы мәліметтер күннен күнге жаңаруда.

Сабақ барысында «Space Science» Ғарыш мектебі физика пәнінің мұғалімі Мәди Омаров Астрономия ғылым саласы, ғарыш әлемі жайында қызықты ақпараттар айтып, Ғарыш мектебінің оқу бағдарламасымен таныстырып өтті.

Оқушылар музей қорында сақталған Қазақстан ғарышкерлерінің азық-түлік тағамдары, фото-суреттері, тұтынған заттарымен жақынырақ танысты.

7 сынып оқушысы Әбдуәлі Рахман «Мен жастарға сенемін» өлеңін оқып, балалар арнайы дайындалған викториналық сұрақтарға жауап берді.

Келген қонақтарға алғыс хат, сыйлықтар беріліп, сабақ соңы музей залдарына экскурсияға ұласты. Балалар сабақтан үлкен әсер алып, көңілді тарқасты.