«Дәстүр және қазіргі әлем» фестивалі ұйымдастырылды

Ұлттық музейде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Дәстүр және қазіргі әлем» халықаралық фестивалінің ашылуы өтті.

Аталған іс-шара қонақтарды ұлттық киімдер мен этникалық дизайнның бай әрі ерекше әлемімен таныстырып, дәстүр мен заманауи өнердің үндестігін көрсететін маңызды мәдени алаңға айналды.

Бұл фестиваль дизайнерлерді, ұлттық өнер шеберлерін, этнографтарды әрі дәстүрге қызығушылық танытқан жас өнерпаздарды бір алаңға жинады.

Іс-шараға әртүрлі мәдениеттердің өкілдері қатысып, ұлттық киімдердің тарихы және мағынасы кеңінен талқыланды. Дизайнерлер мен шеберлер дәстүрлі элементтерді шығармашылық тұрғыда интерпретациялап, жаңа образдар жасау мүмкіндігіне ие болды.

Фестиваль бағдарламасы вернисаж, дәстүрлі өнер әрі этнодизайн бойынша шеберлік сабақтарымен басталып, фестивальдің салтанатты ашылуы және фэшн-шоу: ұлттық және жастар киімдерінің дефиле көрсетілімімен жалғасын тапты.

Фестиваль ашылуында Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дакенов дизайнерлер еңбегін біздің мәдени мұраға қосылған баға жетпес үлес деп бағалап, шығармашылық табыс тіледі.

Іс-шара соңында фестивальге қатысқан дизайнерлерге Еуразиялық дизайнерлер одағының төрағасы, өнер профессоры Е.С. Асылханов атынан дипломдар табыс етілді.