Қазақстан мен Қытай Ұлы Жібек жолының мұрасын ілгерілетуде
2024 жылдың 16 желтоқсанында Қытайдың Ханчжоу қаласында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы» (2025) аясында Ұлттық музей директоры м.а. Берік Әбдіғалиұлы Қытайдың Жібек ұлттық музейінің директоры Джи Сяофэнмен және Қытайдың Шай ұлттық музейінің директоры Бао Цзинмен кездесті. Бұл кездесулер тараптардың мәдени байланыстарды нығайтуға және Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының мұрасын ілгерілетуге деген ұмтылысын растады.
Келіссөздер барысында екі жақ 2025 жылдың мамыр айында Астанада өтетін «Жібек және Жібек жолы: Қытайдан Қазақстанға» көрмесіне дайындық аясында Жібек және Шай музейлерімен ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізді. Көрме тоқыма және шай дәстүрлерін таныстырып, олардың тарихи маңыздылығы және Қазақстан мен Қытай халықтарының ғасырлар бойы жақындасуына ықпал еткен мәдени алмасудағы рөлін айқындайды.
Сонымен қатар музей басшылары білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, музей ісі саласындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылап, тоқыма артефактілерін қалпына келтіру және консервациялау саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.