Қазақстан музей конгресіне 12 елден 100-ден аса зерттеуші қатысты

Бүгін, 23 қыркүйек күні Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің 10 жылдығына арналған Қазақстан музей конгресі өз жұмысын бастады.

Алқалы жиынға 100-ден астам зерттеуші мен музей қызметкері қатысты, олардың ішінде Армения, Әзербайжан, Венгрия, Иран, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия мен Франция өкілдері де бар.

Конгресс жұмысына ТҮРКСОЙ Музейлер кеңесінің халықаралық сарапшылары, қатысушы елдердің жетекші ұлттық музейлерінің басшылары, ЮНЕСКО жанындағы Ұлттық комиссия мен халықаралық өнертанушылар қауымдастығының мүшелері, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, көрнекті қоғам қайраткерлері мен жетекші музей қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының өкілдері, докторанттар мен студенттер қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның конгресс қатысушыларына арналған құттықтау хатын кеңесші Шерхан Талап оқыды.

Аида Ғалымқызы Конгрестің отандық музей ісін дамытуға ықпал етіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын бірегей алаң екендігін атап өтті.

Конгрестің пленарлық отырысында мемлекеттік қайраткерлер, отандық және шетелдік ірі музейлердің басшылары, музейтанушы мамандар сөз сөйлеп, музей ісінің өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады.

Ғылыми-практикалық конференцияда ғылым, білім мен инновация тоғысқан заманауи музейлер тақырыбы қаузалса, өнертануға арналған дөңгелек үстелде пәнаралық зерттеулер мәселесі кеңінен талқыланды. Музейдегі инклюзиялық жобаларға арналған семинар-тренинг барысында қатысушыларға «Қолжетімді музей» жобасы таныстырылып, семинар-практикумда мәдени-білім беру қызметінің өзекті мәселелері мен оны жүзеге асырудағы музей мүмкіндіктерін сөз етті.

Іс-шара соңы алыс-жақын шет елден келген музей басшыларымен меморандумға қол қою рәсімімен аяқталды.