Ұлттық музейде зергерлік өнерге арналған кітап тұсаукесері өтіп, көрме ашылды

2024 жылғы 6 тамыз күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінің 10 жылдығына орай танымал зергер, реставратор, коллекционер Берік Әлібай кітабының тұсаукесері мен шебердің «Ұрпаққа мұра» атты жеке мерейтойлық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Берік Әлібай – отандық зергерлік өнердің дамуына зор үлес қосқан новатор, ҚР Дизайнерлер одағы және ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Карл Фаберже Халықаралық мемориалдық қорының «Еңбегі сіңген зергер» гауһартасты орденінің иегері.

«Зергер Берік Әлібай» кітабында автор зергерлік өнерге қалай келгенін баяндай отыра жұмыс барысы мен өз қолынан шыққан өнер туындылары туралы құнды мәлімет берген. Кітаптың ішіндегі асатаяқ, үкілі бөрік, сәукеле, хан белдік, шақша, қамшы, әйелдерге арналған әшекей бұйымдар қатары қазақ мәдениетінің байлығын, этнографиялық қазынамыздың қуатын дәріптейді. 

Сондай-ақ бұл еңбектен көне өнердің қаймағын бұзбай, келесі ұрпаққа жеткізуді парыз тұтқан, заманауи стильде шығармашылықпен айналысатын хас шебердің атқарған қызметімен жақынырақ танысуға болады.

«Ұрпаққа мұра» атты көрмесіне зергердің 158 авторлық бұйымы, панно (плакетка), ер-тұрман, бас киімдер, қару-жарақ, белдіктер және т.б. туындылары ұсынылып отыр. Бұл - автордың соңғы он жылдағы жаңа әрі ең үздік туындылары.

Іс-шараға әнші, композитор А.Қоразбаев, суретші, қарутанушы-этнограф Қалиолла Ахметжан, график-суретші Ералы Оспан, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ғалымдар, өнертанушылар, қолөнершілер мен зергердің шәкірттері қатысты.

Экспозиция Ұлттық музейдің 5-қабатындағы Уақытша көрме залында 8 қыркүйекке дейін жалғасады.