Музей түні-2024 – жылдың басты түні

18 мамыр күні Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні» акциясы шеңберінде «Музей – құндылықтар мекені» атты іс-шаралар кешені ұйымдастырылды.

Іс-шаралар кешенінің мақсаты – рухани-мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін бір кеңістікке біріктіре отырып, әр түрлі жанр мен стильдегі өнер туындыларын ұсыну, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау.  
Акция барысында халыққа алуан түрлі жанр мен форматты қамтитын іс-шаралар кешені ұсынылды. Жаңа көрмелердің ішінде отандық және шетелдік өнерпаздардың шығармашылығын біріктірген "Дәстүрлер өнері" концептуалды көрмесі, суретші Рафаэль Слекеновтың жеке көрмесі, тарихи карталар көрмесі мен Ұлттық музей қорларынан "Дала кескіндемесі: Рәміздер. Бояулар. Бейнелер" атты экспозицияны атап өтуге болады.

Биылғы акцияның басты ерекшелігі – қонақтар тарихи-мәдени мұра үлгілерін сырттан көріп қана қоймай, шеберлік сабақтарға белсене қатысты. Музей реставраторлары мен қор сақтаушылары келушілерге қолөнер бұйымдарын жасауды үйретсе, Бейнелеу өнері залдарында оқушылар мен студенттер отандық қылқалам шеберлерінің жауҺарларын кенепке түсіріп, шеберліктерін шыңдады. Сондай-ақ, Қазақтың дәстүрлі мәдениеті залындағы киіз үйдің маңында балалар тоғыз құмалақ ойнап, бүлдіршіндер музей залдары бойынша экскурсия жүргізді. Халыққа атақты күйшілердің музей қорындағы домбыраларының үнін естірткен танымдық кештің де орны ерекше. Осылайша  өскелең ұрпақ ұлттық құндылықтарды тану арқылы төл мәдениетіне жақындай түсетіні анық. Құндылықтар мекені болып табылатын музейдің басты миссиясы, міне, осында.

Ұйымдастырылған шаралар:

«Балдырған гид» жобасы
Жоба аясында №47 «Ақ желкен», №49 «Алтынай» бала-бақшаларының бүлдіршіндері Музей залдары бойынша экскурсия жүргізді. Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері Айгүл Рахтаева жобаны  жүзеге асыру мақсатында бала-бақшалармен әдістемелік жұмыстар жүргізген. Нәтижесінде қатысушылар алған білімдерін шыңдап, Музей залдарында орналасқан құнды жәдігерлерді таныстырды. Экскурсияны тыңдауға №32 мектеп-гимназияның 1 «ғ» сынып оқушылары, тәрбиешілер мен әдіскерлер, ата-аналар қатысты.
Жоба алғаш рет 2022 жылы Балалар  жылына орай Ұлттық музейде өз жұмысын  бастады. Жобаның мақсаты – балалардың тарихқа деген қызығушылығын ояту, патриоттық сезімге баулу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, жас ұрпақ бойындағы шығармашылық белсенділікті арттырып, экскурсиялық қызметті игеру.

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми жобалар аясында жарық көрген кітаптардың тұсаукесері
Халықаралық музейлер күніне орай Ұлттық музейде Б.А. Габдуллинаның «Қазақ хандығының саяси тарихы 1465-1780 жж. Очерктер», А.К. Кушкумбаев және Н. Базылханның «Ұлық Ұлыстың (Алтын орданың) ХІV-ХV ғғ. ресми құжаттары (жарлық, хат, пайза, теңгелер)» монографиясы және Н.Базылханның құрастырған «Қазақстанның Ортағасырлық нумизматикасы» ғылыми каталогының тұсау кесу рәсімі өтті.
Жиынға мәдениет саласының өкілдері, ғалымдар және кітап авторлары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының доценті Б.А. Ғабдуллина, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Нәпіл Базылхан, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің «Аймақтану» кафедрасының профессоры А.К. Кушкумбаев, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Н.С. Лапин, т.ғ.д. Т.С. Садықов және Б.Ғ. Аяған, ҚР Ұлттық музейі ғылыми істері жөніндегі директордың орынбасары А.Г. Ибраева қатысып, жиын барысында Алтын орда хандығының тарихы мен бүгінге жеткен мұрасы, Қазақ хандығының құрылуы туралы сөз қозғады.
Іс-шара модераторы ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. А. Сыдыков жиынға келушілер мен музей ұжымын 18 мамыр Халықаралық музейлер күнімен құттықтап, бұл кітаптардың ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейде іске асырылған жобалар аясында жарық көріп отырғанын атап өтті.
Тамырлы тарихымыздың бедерлі кезеңін қамтитын Ұлық ұлыс Қазақ хандығының бастауы саналады. Оның бай тарихы қазақ даласымен және халқымыздың негізін құраған ру-тайпалармен тығыз байланысты. Түркі халқының тарихында өзіндік із қалдырған ірі державаның тарихы мен мәдениеті, қоғамдық-саяси құрылымы туралы мәселелер әлем тарихшыларының ерекше қызығушылығын тудырғанымен де бүгінгі таңда әлі де болса зерттеуді қажет ететін мәселелері бар екендігі айтылды.
Ғалымдар ұлы өзгерістер заманын қамтыған ғылыми кітаптарды еліміздің төл тарихын зерттеуде үлкен мағлұмат алар еңбек деп танып, оларды алдағы уақытта кеңінен насихаттауға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Рафаэль Слекеновтің «Тәңір нұры» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты
Көрменің мақсаты – Рафаэль Слекеновтың адамның жан тазалығы мен қарапайымдылығының сұлулығын, қоршаған әлемнің сырларын көрсетудегі шығармашылық идеясының лирикалық-романтикалық, оптимистік ой формаларын қалың жұртшылыққа кеңінен таныстыру.
ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Сыдыков: «Бүгін Ұлттық музейде бірегей, өзіндік қолтаңбасы бар, есімі бүкіл әлемге танымал суретші Рафаэль Слекеновтың жеке көрмесіне қош келдіңіздер! «Тәңір нұры» көрмесі көпшіліктің көңілінен шығатын ауқымды оқиғаға айналатынына сенімдімін».
«Tengri Аrt» Заманауи өнер галереясының директоры Элеонора Слекенова: «Ұлттық музей, еліміздің бірегей музейі бізге бүгін осы мәдениет ошағында көрме ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отырғанына алғысымызды білдіргіміз келеді. Құрметті қонақтар, баршаңызды көрмені тамашалауға шақырамын!»
Өнертанушы, тарих ғылымдарының докторы Шайзада Тохтабаева: «Мен Рафаэльдің шығармаларын алғаш көргенімде оларға бірден тәнті болдым. Рафаэль керемет шығармашылық энергияға ие. Оның туындылары таңғажайып бейнелер мен идеяларға толы. Оның әр жұмысы – шығармашылық шабыттың көрінісі».
Суретші Рафаэль Слекенов: «Өнер адамзат басына берген бақыт деп білемін. Бұл бақыттың бәрімізге ортақ болғанын қалаймын. Мен сіздермен өз бақытыммен бөліскім келеді, соны қабыл етсеңіздер деймін».
Рафаэль Слекенов шығармашылығының ретроспективасын ұсынатын «Тәңір нұры» көрмесіне суретшінің 80 туындысы қойылған. Көрмені тамашалау барысында Музей қонақтары автордың ерекше ертегі іспеттес әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік алды.

«Қоңыр үн» танымдық кеші
Кештің мақсаты – Ұлттық музей қорында сақталған халық композиторлары домбыраларының үнін жаңғырту.
Кешті жүргізуші модератор – күйші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұстазы Жанғали Жүзбаев.
Домбыра – қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатқан көне саз аспабы. Домбыра – қазақтың қуаныш пен қайғысын бөлісетін, мұңдасар, сырласар жан серігі.  
Елордадағы Ұлттық музей қорында сақталған, атақты күйші, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың,  Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұстазы, Жетісу ән-жыр мектебінің өкілі Кенен Әзірбаевтың, Қаратау күй мектебінің өкілі Генерал Асқаровтың, Арқа күй мектебінің ірі өкілі Мағауия Хамзинның, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұстазы, әнші, Мәдениет Ешекеевтің қолының табы қалған өзі ұстаған домбырасымен және Арқа домбырасының байырғы үлгісімен, атақты домбыра жасаушы шебер Романенко жасаған домбыралармен “Бұлбұл”, “Қайран шешем”, “Қоңыр”, “Бес төре”, “Шалқыма”, “Тел қоңыр”, “Кәрі ақжелең”, “Жемсуының тасқыны”, “Сарыжайлау”, “Еркесылқым” күйлерін Ардаби Мәулетұлы, Абылғазы Ахмедиев, Қалкен Қасымов, Жанғали Жүзбаев, Еділ Басығараев, Маулет Ағанас Ардабиұлы күй тартып, Хамзин Мақсат Амантайұлы, Қамытбек Данияр Мырзагелдіұлы “Гигигай”, “Мөртай сұлу”,  “Екі жирен” әндерін  орындады.
Кеш соңында модератор Ж.Жүзбаев  бүгінде  Ұлттық музейінің құнды жәдігерлері қатарында саналатын бұл киелі домбыралардың қатарына күйші Әбдімомын Желдібаевтың да домбырасы қосылады деген үмітте екенін айтты.  
Сондай ақ ұлы дала ұлы күйшілерінің қолданған  домбыралары арқылы бүгінгі танымдық кеште насихатталған өнер туындылары жас ұрпаққа тағылымы зор шара болды.

«Жұлдызды гид. 10 жұлдыз. 10 жауһар» шоу-жобасы
ҚР Ұлттық музейінде экскурсия жүргізуші қызметінің ерекшеліктерін түсіндіру, кең аудиторияға Музей экспозициясындағы жәдігерлерді, тарихи-мәдени мұраны таныстыру және насихаттау мақсатында Музейде бүгінгі күні дәстүрге айналып үлгерген елдегі танымал тұлғалардың қатысуымен «Жұлдызыды гид» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның бағдарламасы барысында «жұлдызды гидтер» Музей залдары бойынша келушілерге халқымыздың тарихы мен бай мәдени мұрасы туралы мәлімет береді. Бұл жоба арқылы Музей қонақтары белгілі тұлғаларды жаңа қырынан – экскурсия жүргізушісі ретінде танып, Музей экспозициясына жаңаша көзбен қарай алады. «Жұлдызыды гид» жобасы барша Музей келушілерінің қызығушылығына ие Ұлттық музейдің ең маңызды шараларының бірі болғандықтан бұл жоба жыл сайын «Музейдегі түн» акциясы кезінде ұйымдастырылады. Биылғы жылы да аталмыш акция аясында «Жұлдызды гид» жобасына Қазақстанның жарық жұлдыздары қатысты.  

Ұлттық музейдің кезекті қызыққа толы «түні» өтті. Келесі жылы «Музей түнінде» жүздескенше!