Ұлттық музейге Франция делегациясы келді

Бүгін, 1 қараша күні, Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Франция делегациясы Ұлттық музейге келді. Делегация құрамында Француз академиясының тұрақты хатшысы Амин Маалуф, Гиме музейінің Президенті Янник Линтц, INALCO Президенті Жан-Франсуа Юше, Коллеж де Франс профессоры Франц Грэне, Шуазель институтының президенті Паскаль Лоро, көрме кураторы Джафа Ассулин, Франция елшілігінің өкілдері, IFEAC директоры, профессор Адриен Фов болды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Арман Жүдебаев делегация мүшелерін қарсы алып, мәдениет саласында ынтымақтастық орнату ниетін білдірді. Екі тарап Қазақстанның Франциядағы ұлттық көрме жобасын талқылап, алдағы уақытта ҚР Ұлттық музейі мен Гиме музейінің арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты. Кездесу барысында делегация мүшелеріне музей залдары бойынша экскурсия жүргізілді. Қонақтар дала мәдениетінен сыр шертетін экспонаттарға жоғары баға берді.