«Сыбызғының сырлы үні» атты шеберлік сағат

Бүгін, 2023 жылдың 7 қарашасында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Сыбызғының сырлы үні» атты шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Саялбек Ғиззатов: «Ұлттық музей мәдени мұраны дәріптеуге үлкен көңіл бөледі. Музейімізде Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институты бар. Басты мақсат – өзіміздің төл құндылықтарымызды зерттеу, одан әрі насихаттау. Бүгінгі шара осы институттың бөлім жетекшісі Ардаби Мәулет бастамасымен ұйымдастырылып, өнерсүйер қауымды қуантып отыр». Қытай Халық Республикасынан арнайы келген белгілі күйші-сыбызғышы Бейілхан Қалиәкбарұлы Шыңжаң өңіріндегі сыбызғышылық өнері туралы сөз қозғап, өзінің сыбызғышы ретіндегі жолының қызықтарымен бөлісіп, келген қонақтарға алғысын білдірді. Филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Ақеділ Тойшанұлы: «Сыбызғы – бояуы өте нәзік ерекше аспап. Бұл аспапта ойнау өнерін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына үлес қосып жүрген Бейілхан ағамыз өте дарынды өнерпаз». «Құрмет» орденінің иегері, кәсіпкер Жәнібек Елекбаев атақты күйшінің келуіне қатысты қуанышымен бөлісті. Шара барысында Бейілхан Қалиәкбарұлы «Ақсақ құлан», «Қабанбай батырдың жауға шапқандағы Қубас аты», «Бердіқожа батырдың атының жүрісі» күйлерін, ал оның шәкірттері Кенжебек Долдаұлы мен Қазез Мұқиятұлы шебердің өзі шығарған күйлерін орындады.