Бүгін, 27 қазан күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінде алғаш рет Қазақстан музей қызметкерлерінің конгресі ұйымдастырылып отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова Конгрестің салтанатты ашылу рәсімінде:
«Қазіргі таңда халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен бай мәдени мұрасын зерттеп, кеңінен насихаттауға еліміздегі 270-тен астам мемлекеттік музейлер лайықты үлесін қосып келеді. Былтырғы жылдың өзінде музейге келушілердің жалпы саны 6 миллиондай адамды құраған. Бұл еліміздің мәдени құндылықтарына деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінгі Ұлттық музейде алғаш рет ұйымдастырылып отырған Қазақстан музей қызметкерлерінің I конгресіне қатысушы кәсіби мамандар өзара бас қосып, тәжірибе алмасып, музей саласын одан әрі дамытудың жаңа жолдары мен әдістерін ұсынады деген сенімдемін.
Қазақстан музей қызметкерлерінің I конгресі жұмысына табыс тілеймін!»- деді.
ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Айбек Сыдыков «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы және музей ісі» атты халықаралық конференциясында:
«Қазіргі замандағы құндылықтар жүйесінде музейлердің алатын орны ерекше. Өйткені музей бұл адамзат өміріндегі рухани және материалдық құндылықтарды жинақтаушы, зерттеуші және сақтаушы орталық. Ал Орталық Азиядағы ең ірі, әрі жас мәдениет мекемесі саналатын ҚР Ұлттық музейі жоғарыда аталған міндеттерге қоса еліміздің музейлеріне бағыт-бағдар беру, әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсету жұмыстарын қоса атқарып келеді.
Еліміздің музей ісі тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бүгінгі Қазақстан музей қызметкерлерінің I конгресінің басты мақсаты да сала мамандарының басын қосып, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау болмақ. Сондықтан Конгресс аясында жоспарланған «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы және музей ісі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Өзбекәлі Жәнібеков тағылымы» атты мемориалдық көрме, «Мемориалдық музейлердің үздік тәжірибелері» атты кәсіби сессия, «Музей заттарын қалпына келтіру және жаңғырту» атты семинар-практикум, «Мәдени мұра» журналының 20 жылдығына орай шығармашылық кездесу сияқты ауқымды іс-шаралар барша қатысушылар үшін өте пайдалы болады деп ойлаймын.
Бүгінгі Конгресс шымылдығының «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы және музей ісі» атты халықаралық конференциямен ашылуы тегін емес. Конференцияның басты ерекшелігі – елімізге танымал тұлғалардың бірі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, музейтанушы, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков есімімен байланысты болуында.
Конференция жұмысына еліміздің әрбір аймағындағы музейлер мен ғылыми ұйымдардан және шетелдік әріптестерімізден 60-тан астам мақала келіп түсті. Соның басым көпшілігі ұсынылып отырған конференцияның материалдар жинағына енді.
Бүгінгі конференцияға қатысып отырған баршаңызға алғысымды білдіре келе ғылыми ізденістеріңіз бен қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін!»