Бүлдіршіндер музей залдарында экскурсия жүргізді

Бүгін ҚР Ұлттық музейіндегі «Музейлер түні» қарсаңында «Балдырған гид» жобасының экскурсиясы өтті.

Жобаның мақсаты: қазақ халқының мәдени-тарихи құндылықтарын зерттеу, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, жас ұрпақ бойындағы шығармашылық белсенділікті арттыру және экскурсиялық қызметті игеру.

«Бұл музей ісіндегі тың әрі игі бастамалардың бірі. «Балдырған гид» балалардың ашылуына, белсенді болуына өте үлкен септігін тигізетін жоба. Ендеше бүгінгі бүлдіршіндердің экскурсиясына сәттілік тілеймін!», - деді Экскурсиялық жұмыстар, музей педагогикасы және экспозициялық залдарды сақтау қызметінің басшысы Беисова Жанар Сағымбайқызы.

Шараның негізгі бөлімінде кішкентей экскурсия жүргізушілер музейдің атриум және «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» мен «Тәуелсіздік» залындағы жәдігерлерді таныстырды. Жобаға № 47 «Ақ желкен» және №86 бала бақша тәрбиешілері мен бүлдіршіндері қатысып, арнайы алғыс хатпен марапатталды.